Жоғалтудың кейбірі – өмір-ұстаздың жазасы, ұқтырмақ болған сабағы, ал кейбірі – тағдырдың жамандықтан қаққаны. Ал, «жоғалтудың» алдын алуға бола ма? Өмір – кездесу мен қоштасудан, табу мен жоғалтудан тұрады. Кездескенде, тапқанда – «бұл өмірдің маған берген сыйы, мен бұған лайықтымын!» деп қуанамыз. Бірақ та қоштасқанда, жоғалтқанда – «бұл өмірдің жазасы, мен бұған лайықтымын!» деп ойламаймыз. Керісінше, Жаратушыға, өмірге налып, қайғырамыз, өмірден түңілеміз. Неге? Өйткені, өмірдің «Қарымта» заңын білмейміз.
Ал, бүкіл әлемдік «Қарымта» заңы мүлтіксіз жұмыс жасайды! Алдымен, «жоғалту» туралы психологтардың пікірін «тыңдайық», олар не дейді? Австриялық дәрігер психолог Зигмунд Фрейд «Бейсана түрде «қорғану» – жоғалтуға алып келеді» дейді. Бұл туралы өзінің «Даналық және оның санадан тыс құбылысқа қатынасы» деген кітабында былай деп жазады:
«Белгілі бір мәселеден «қашқыңыз» келгенде, сонымен байланысты затты, бұйымды міндетті түрде жоғалтасыз. Бұл жұмыспен немесе жақын адамыңызбен қарым-қатынасқа да байланысты орын алуы мүмкін».
Мысалы, үнемі қай затыңыз жоғалады? Ұялы телефоныңызды жоғалтсаңыз: жоғалтудан бұрын кіммен жиі сөйлестіңіз немесе телефонда не жайында көп әңгімелестіңіз, осыны еске түсіріңіз. Осы бір тақырып немесе сол бір адам сізді әбден мезі еткен. Енді телефон да жоқ – әлгі проблема да жоқ!
Үйдің кілтің жоғалттыңыз ба? Онда отбасыңызбен қарым-қатынаста келеңсіздік, түйіткілді мәселе бар. Отбасындағы біреудің «жауыр» болған сөзін естігіңіз келмейді, үйіңізге кіргіңіз келмейді, ол жерде сіз демалмайсыз, керісінше шаршайсыз. Я болмаса шаңырағыңызда жиі ұрыс-керіс болады. Міне, осындай жайттарға байланысты үйіне барғысы келмеген адам жиі кілтін жоғалтып жүреді.
Жиі ақша жоғалтасыз ба? Олай болса, сіз жоспарлап жүрген затты алуға саналы түрде әлі дайын емессіз. Немесе киноға, мейрамханаға ертіп баруға ниеттеніп жүрген жанмен қыдыруға дайын емессіз. Тағы бір себеп: ақша сізге оңай келіп жатыр, сондықтан оны қайда, қалай жаратуды білмейсіз.
Әлдекімнің телефон нөмірін немесе мекенжай жазылған қағазды жоғалтып ала бересіз бе? Ол адаммен қарым-қатынас орнатқыңыз келмейді... ол мекенжайға баруды қаламайсыз.
Психолог Зигмунд Фрейдтың айтуынша, жоғалту – өзіңіздің бір тәртібіңіз, белгілі бір ойыңыз, сезім құбылысыңыз, қылығыңыз бүкіләлемдік өмір заңымен қарама-қайшылыққа түскенінен хабар береді. Ал, медицина ғылымдарының кандидаты, гештальттерапевт, психиатр-суицидолог Александр Моховиков былай дейді:
«Ақша, алтын жүзік немесе құжаттарыңызды жоғалттыңыз делік. Шығын, жоғалту кездейсоқ орын алмайды. Бұл «жоғалу» сізді бір жамандықтан қорғады. Расында, өрт, жол апаты, ұрлық секілді жамандықтар орын алғанда бәріміз не дейміз? «Бастысы, бас аман болсын!» дейміз. Демек, бас амандығы үшін малыңыз (дүние) құрбан болды. Оны таба алмайтыныңызға көзіңіз жетті ме, қатты қайғырудың, өзін-өзі жазғырудың қажеті жоқ. Өмір-ұстазға «Ақшалай, заттай алғаныңа рахмет» деп моральдық тұрғыда келісу керек».
Затты жоғалтпау үшін не істеу керек?
Зигмунд Фрейд былай деп кеңес береді:
1. Бөлмеңізді, жұмыс үстеліңізді ғана емес, ойыңызды да әрдайым тәртіпте, реттілікте ұстаңыз. Қажетсіз қоқыстарды үйден және ойдан уақытылы шығарып тастауға дағдыланыңыз!
2. Айналаңыздағы заттармен «достасыңыз»! Сіз ренжісіп, ұрысып қалған адаммен татуласу үшін не істейсіз? Кешірім сұрайсыз және оған сыйлық жасайсыз. Дәл сол сияқты, үнемі жоғалтып алатын кілтке, флешкаға әдемі брелок, телефоныңызға чехол, ал жиі ақша жоғалтатын болсаңыз, қымбат әмиян сатып алуыңыз керек.
3. Өз өміріңізге жауапкершілікті арттырыңыз! Өз өміріне жауаптылық – бұл айналадағы адамдарды кінәлауды, сынауды, өзгенің табысы мен бақытына іштарлық танытуды доғару.
4. Өзгеге жамандық тілемеу! Басқа адамға жамандық тілеу өзіңізге азап, зардап, қайғы, уайым боп оралады. Ал, бұл сезімдерді адам көбіне қымбатын, асыл жанын жоғалтқанда сезінеді.
Жанды (адамды) жоғалтпау үшін не істеу керек?
Менің кеңесім: Мал (дүние, ақша) мен жанды (жақын адамдарыңыз, денсаулығыңыз, он екі мүшеңіз...) жоғалтудан сақтану үшін, қан тапсырыңыз (құрбандық шалыңыз)! Бұны ислам дініндегі құрбандық шалумен шатастырмаңыз. Мен мұнда сонау ерте замандағы, барлық әлем халықтарында болған «құрбан шалу» туралы айтпақпын.
Сонда кімге немесе неге, не үшін құрбан шалу керек дерсіз? Айдаһарға (ажалға)! Әлем халықтарының барлығының дерлік фольклорында кездесетін бірден-бір кейіпкер – үш басты айдаһар болса, мифологиялық ертегілерде ол жылына бір рет ұшып келеді де, адамдардың алдын ала дайындап қойған құрбандығын (жас қыз, бозбала, кейбірінде малды) алып кетеді. Кейбір мифтерде айдаһар адам жанын өлілер әлеміне жеткізуші ретінде бейнеленеді.
Аңыз түбі – ақиқат, егер мифтерді зерделей оқысаңыз, ертеректегі халықтың наным-сеніміндегі айдаһар – бұл біздің түсінігіміздегі ажал. Біреудің ажалы оттан, біреудікі судан, тағы бірінікі апаттан болып жатады. Ал, ертегілердегі айдаһар аузынан от шығарады, ол келерде айналаны қараңғылық басып, қатты дауыл тұрып, жаңбыр жауады.
Иә-иә, «ажалы аурудан келетіндер де бар» дейтін шығарсыз. Қатты ауырған адамның температурасы көтеріледі, әлсіздіктен терлейді, жаны қиналып уһілей береді. Бұл көріністе от та, су мен дауыл да бар емес пе?! «Жоғалтудың» алдын алу үшін, қайдағы бір ажал туралы «айтып» сандырақтап кетті деп отырған шығарсыз. Бір күнде үйі өртеніп кеткен адам, бір күнде барлығынан айырылып қалған кәсіпкер, зорлық-зомбылық көріп қыз өмірінен айырылған бойжеткеннің өз-өзіне қол жұмсағанын естіген боларсыз. Оларды өлімге «жоғалтулар» итермелеп отырған жоқ па?! Ал, сіз ажалдың алдын алыңыз!
Бұрындары адамдар қауіптен сақтану үшін садақа берген, ал ажалдың бетін қайтару үшін құрбандыққа мал шалған. Қазір ше? Қазір көпшілік бұны жасамағандықтан, өмірдің өзі оның қымбат затын, адамын «құрбандыққа» алады. Бұл өмірдің «Қарымта» заңы!
Өмір-ұстазбен саудаласуға бола ма? Мысал:
Балықшының қармағына бір күні алтын балық түседі. Балыққа тіл бітіп:
- Мені өзенге жібер, үш тілегіңді орындаймын» дейді. Балықшы «Жо-жоқ, бес тілегімді орындасаң ғана жіберемін, - дейді.
- Алтын балық туралы ертегіні оқымағансың ба? Мен тек үш тілекті ғана орындай аламын ғой.
- Бес тілегімді орындай алмасаң, онда төрт тілегімді орында.
- Үш-ақ тілек орындай аламын дедім ғой, - дейді алтын балық әлсіреп.
- 3 тілекті орындай алатын балық 4 тілекті де орындай алуы тиіс, - дейді балықшы шартын өзгертпей.
Бұл жолы балықтан үн шықпайды.
- Сен неге үнсіз қалдың? Мейлі үш тілегімді-ақ орындашы.
Келістік, - деп балықшы алтын балыққа үңіледі. Ал, балық өліп қалған екен.
Түйін: Балықшы алдымен балықтың сұрағанын (бостандық, су) беру керек еді, сонда үш тілегі де орындалар еді. Адамның көбісі осы балықшы секілді, бермей жатып, алғысы келеді.
Иә, өмір-ұстазбен саудаласуға болады! Бірақ, алдымен сіз «беруіңіз» керек: уақытыңызды, күш-қуатыңызды, еңбегіңізді, сүйіспеншілік, жақсы сөз бен мейірімді...
Ал, сіз қай затыңызды жиі жоғалтып жүрсіз? «Мен бұл затты (оны) не үшін жоғалттым?» деп өзіңізге өзіңіз сұрақ қойып, ойлансаңыз, өмір-ұстаздың нені ұқтырмақ болғанын, қай жерде қате жібергеніңізді түсінесіз. Десек те, тым қатты ойланып, уайымға салынбаңыз. Адам тек жер бетіндегі өмірін жоғалтып алудан ғана қорқу керек. Ал, қалғанының бәрін жаңалауға, басқасын сатып алуға болады!
Жазира СМАҒҰЛОВА,