Қор биржасында қолданылатын «аю» және «бұқа» терминдерi қандай мағынаны бiлдiредi?
Айдар КӨМЕКОВ, оқушы
«Аю» биржада бағаны төмендетуге айлы-шарғы жасайтын амалды бiлдiредi. «Аю» рөлiн атқарушы қолында бар акцияларды немесе келiсiмшарттарды неғұрлым төмен бағамен сатып алып, оларды бiраз уақыттан кейiн қайыра сату арқылы биржадағы бағаны төмендетуге тырысады.
Осы қарабайыр тәсiлдiң шығу тарихын зерттеушiлер ХIХ ғасырда аюдың терiсiн сатумен айналысқан лондондық брокерлермен байланыстырады. Олардың әбжiлдiгi сондай, әлi қолға түспеген аюдың терiсiн сатып жiбередi екен. Сауданың бұл түрi «келте» деп аталады да, ол «соңыра аюды тауып, терiсiн сыпырып, сатып алушыға тапсыру» тәуекелiмен байланысты болған. Содан берi бағаның құлдырауынан олжа табатын трейдерлердi «аю» деп атайды. Мамандардың пiкiрiнше, «аюлардың» осы әрекетi болмағанда нарықтың құлдырауы қазiргi күйге жетпес едi. Сондықтан әлемдегi жетекшi сауда алаңдарында өткен жылғы күзде «келте» сатылымдарға тыйым салынды. Өзiмiздiң нарықта сауданың мұндай түрiне мүлде тыйым салынған.
«Бұқа» биржа тәжiрибесiнде бағаның өсуiнен олжа табатын алыпсатар деген мағынаны бiлдiредi. «Бұқа» рөлiн атқаратын алыпсатар бағаның өсуiне үмiт артады, сөйтiп, акцияларды белгiлi бiр уақыт өткеннен кейiн неғұрлым жоғары бағамен сату үшiн оларды өзiнiң контрагенттерiнен сатып алады. Сондай-ақ бұл термин бағаның жоғарылауына үмiт артқандардың бәрiне қолданылады.
Терминнiң мағынасы «кәдiмгi бұқаның басын жоғары сермеп, мүйiзiмен сүзетiн шалт қимылынан шыққан» деседi.
Биржадағы «аю» мен «бұқа»
Последние статьи автора