Бір жасқа дейінгі сәбилерге қандай екпелер жасалады?
Сәби бір жасқа келгенше қандай жоспарлы екпелер жасалатынын білгім келеді. Қанша айлық кезінде қандай ауру түрлеріне қарсы вакциналар егілуі керек?
Зәмзиягүл, Алматы қаласы
Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мәліметінше, ҚР Үкіметінің 2009 жылдың 30 желтоқсанында шығарылған қаулысына сәйкес, бір жасқа дейінгі сәбилерге мынадай алдын алу екпелері жасалады:
• нәресте дүниеге келгеннен төрт күн ішінде туберкулезге қарсы және В гепатитіне қарсы екпе;
• екі айлық жаста – В гепатитіне қарсы екінші екпе және полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерияға, делбеге және гемофильді инфекцияға қарсы екпе;
• үш айлық жаста – полиомиелитке қарсы екінші екпе және гемофильді инфекцияға, көкжөтелге, дифтерия мен делбеге қарсы екпе;
• төрт айлық жаста – В гепатитіне қарсы үшінші екпе және полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерияға, делбеге және гемофильді инфекцияға қарсы кезекті екпелер;
• бір жаста – қызылшаға, қызамыққа, эпидемиологиялық паротитке қарсы екпе және полиомиелитке қарсы төртінші екпе.