Бауыр эхинококкозы – ауыр дерт
Эхинококкоз – иттен жұғатын ауру деп естідім. Ол қандай ауру және оны жұқтырып алмау үшін не істеу керек?
Еркін РЫМҚОЖИН, Шығыс Қазақстан облысы
Дәрігер-эпидемиолог мамандардың айтуына қарағанда, бұл дерт адамға түлкі, қарсақ, иттер арқылы жұғады. Негізінен, эхинококкоз малдарда кездеседі. Ауру малды сойған кезде, оның ішек-қарны, т.б. мүшелері күл-қоқысқа тасталып жатады, соларды түлкі, қарсақ, иттер қорек етеді. Сөйтіп, түлкі, қарсақ, иттер эхинококк жұмыртқаларын таратушыға айналады. Эхинококк жұмыртқаларын түлкі, қарсақ, иттер нәжістері арқылы аулаға, су қоймасына, бау-бақшаға, әйтеуір жүрген жерінің бәріне таратады. Сол суды қайнатпай ішкен немесе сол бақшадан көкөністі жумай жеген адам эхинококкоз ауруын жұқтырады. Ауруды жұқтырған адам оны дереу сезе қоймайды. Себебі эхинококкоз іріңді ісігі өте жай өседі де, жылдар бойы ешқандай белгі бермейді. Іріңді ісік өскен сайын, бауырды қысып, әрі қан құрамына зиянды заттар бөлінуіне әсер етеді де, адам сарғайып, жағдайы нашарлайды.
Көбіне ультрадыбыстық тексеру арқылы кездейсоқ анықталып жатады.
Эхинококкоз көп жағдайда бауырды зақымдайды. Эхинококк жұмыртқалары кейде қан айналымы арқылы өкпеге, ағзаның басқа мүшелеріне де жетеді.
Эхинококкоз дертіне байланысты күдік туған жағдайда, ішкі ағза мүшелерін ультрадыбыстық, т.б. тексерулерден өткізіп, қан құрамын зерттеу керек.
Бұл дертті емдеу үшін, міндетті түрде операция жасалады.