«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолы жайлы не білесіз?
«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автожолының Қазақстан аумағы арқылы өтетіні белгілі. Менің білгім келгені – Қазақстан аумағындағы осы жолдың ұзындығы қанша және ол қай облыстардың территориясы арқылы өтеді? Бұл жолмен көліктер қай уақыттан бастап жүре алады және ол толығымен қашан аяқталады?
Жантілеу Ертілеуов, Жамбыл облысы
2011 жылдың аяғына дейін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізінің 750 шақырым болатын учаскесінде автоқозғалысын ашу жоспарланып отырған көрінеді. Бұл туралы VIII халықаралық «Казавтодор-2011» көрмесінде ҚР көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев мәлім етті.
Ол төрт облыста ұзындығы 1815 шақырым болатын учаскеде жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, барлығы 2415 шақырым жол тапсырылмақшы.
«Қытаймен шекарадан бастап, Түркістанға дейін бетон жұмыстарын жасап жатырмыз. Түркістаннан Ресей Федерациясының шекарасына дейін асфальтбетон жұмыстары жүргізілуде», – деді Б.Камалиев мырза.
Министрдің айтуынша, жол құрылысына 35 мың жұмысшы мен 6000-дай техника жұмылдырылған.
«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолының Қазақстан арқылы өтетін учаскесінің ұзындығы – 2787 шақырым. Автодәліз бес облыстың территориясы арқылы өтеді. Жобаның жалпы құны 825 млрд теңгені құрайды.
Жоба жолдың 1391 шақырым учаскесін төрт жолақты І техникалық категорияға ауыстыруды, ұзындығы 1061 шақырым болатын қалған учаскені ІІ техникалық категорияға ауыстыруды қарастырады.
Бұл халықаралық автомобиль жолы Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарын басып өтеді.