Бүгінде жеке үй салу деген оңай шаруа емес. Басқасын былай қойғанда тиісті құжаттарды дұрыс рәсімдеу мәселесіне аса мән берген жөн. Ол үшін мынадай құжаттар болуы тиіс:
♦ Құрылыс жұмыстарын бастау үшін тиісті мекемеге өтінім бересіз. Өтінішке мынадай құжаттар қоса тігілуі тиіс:
- жергілікті билік басшысының жер телімін беру туралы Қаулысы;
- сату-сатып алу келісім-шарты;
- бас жоспар, жер телімінің төлқұжаты;
- жер телімінің шекарасы, онда салынатын ғимараттар туралы акт.
♦ Осыдан кейін бұл құжаттарды тексеріп көрген әкімшілік үй салуға рұқсат беру жөнінде Қаулы шығарады. Мынадай құжаттар рәсімделеді:
- әкімшіліктің Қаулысы;
- үй салушыға құқық берілетін құжат;
- бас жоспардан үй салуға берілетін құжат көшірмесі;
- ситуациялық жоспар;
- инженерлік жүйелерге қосылуға қатысты техникалық жағдайлар, фасад, қабат сызбалары;
- жер телімінің салынатын түрлі ғимараттарға қатысты сызбасы.
♦ Бұдан бөлек, салынатын үй жоспары жеке құжатқа тігіледі. Онда мынадай құжаттар болады:
- ситуациялық жоспар, мұнда үйдің жақын елді мекенге байланысы, сыртқы жарық, жылу, су көздерімен кәріз жүйелерімен, құрылыстарымен байланысы көрсетіледі;
- үйдің жақын көше бөлігімен қоса «топосьемкалық» суреті;
- жер телімінің жақын аумаққа байланысын көрсететін тігінен жасалған сызбасы;
- жертөле мен қабаттар жоспары;
- ғимараттың бүйір және бас фасадтары;
- сәйкес бөліктер;
- қабаттардың жабылуына қатысты жоспар, шатырдың, жабындының жоспары;
- іргетас жоспары, оның қиылыс-бұрылыстарының жоспары;
- техникалық-экономикалық көрсеткіштеріне қатысты жазбалар, ғимарат құнына қатысты қаржылық-сметалық есептеулер.
♦ Ал жер телімін құжаттандыру үшін тиісті мекемеге ол жерге не салынатынын, қай аумақта екенін, көлемін көрсетіп, жеке басты растайтын құжат көшірмесін, сату-сатып алу туралы келісім-шартты, азаматтың жер теліміне құқық көрсететін құжатты, кадастрлық жоспарды қоса тігіп, өтініш өткізу керек.
♦ Есте ұстар жайт, мемлекеттік меншікті реттеу органына өтініш тастап (паспорт көшірмесімен бірге), жер бұған дейін жекешелендірілген бе – соны білу керек. Жер телімі өз атына рәсімделгесін өтініш берушіге шешім құжаты тапсырылады. Жерді өлшеу, кадастрлық жоспар жасауға кететін шығынды жер иесі өтейді. Сосын мемлекет тарапынан жер теліміне қатысты сату-сатып алу келісім-шарты жасалады. (Өтініш берушіге жер телімі мұрагерлікпен қалған немесе мемлекет тарапынан тегін берілген болса, құжат басқаша рәсімделеді). Бұдан кейін тіркеуге өтініш беріледі. Мынадай құжаттар қоса тігілуі керек: Төлқұжат көшірмесі, жергілікті атқарушы биліктің жер телімін бергені туралы шешім көшірмесі, сату-сатып алу келісім-шарты, жердің расталған кадастрлық жоспары. Паспорттан басқа құжаттар түпнұсқа және көшірме түрінде өткізілуі тиіс.