Баррель деген не?
«Мұнайдың баррелі – пәлен доллар» деп жатады. Сонда баррель деген не?
Жансая Саятова, оқушы
Америкалық мұнай баррелі – мұнай көлемін өлшеу бірлігі. Ол 42 галлонға немесе 158,988 литрге тең. Неге екені белгісіз, Америкада өзге сұйық заттарды өлшейтін баррель 31,5 галлонға тең екен.
Әлемдік мұнай нарығында баррель негізгі өлшем бірлігі ретінде пайдаланылады. Сондықтан мұнайдың негізгі әлемдік маркаларының бағасы мұнайдың бір барреліне доллармен белгіленеді.
Көп жағдайда баррельді тоннаға ауыстыруға тура келеді. Мұндайда мұнайдың тығыздығы есепке алынады. Мәселен, Ресей мұнайының негізгі түрлері үшін бір кубометріне 820 мен 905,5 келі аралығында құралады. Тиісінше әр баррельдің салмағы да өзгереді. Ресейдің Urals маркасының тоннасын баррельге ауыстыру коэффициенті – 7,28 барр/т. Жеңіл саналатын норвегиялық Brent маркасының осы секілді коэффициенті – 7,59 барр./т.
1 баррель (америкалық, мұнай) = 42 галлон = 158,988 литр = 0,158987 м3.
1 баррель (америкалық, мұнай) = 0,1364 мұнай тоннасы (нақты түрде мұнай маркасы мен температура/тығыздығына байланысты болады) = 136,4 келі мұнай.