Алдағы сәуір-мамыр айларында балық аулауға шығуды жоспарлаған едім. Бірақ бір танысым дәл осы мерзімде балық аулауға тыйым салынады деп ескертті. Біздің өңірде қандай аудандарда балық аулауға тыйым салынған екен?
Қайрат Медеуұлы, Оңтүстік Қазақстан облысы
Расында да, жыл сайын Үкіметтің қаулысымен еліміздегі кейбір су айдындарында балық аулауға тыйым салынатыны белгілі. Бұл уылдырық шашу мен балық қорының азаюына жол бермеу үшін қолданылатын уақытша шара. Биыл сіз мекендейтін оңтүстік өңірде төмендегі аймақтарда балық аулауға тыйым салынған: 1) Сырдария өзенінде Құркелес өзенінің сағасынан Өзбекстан шекарасына дейін және Шардара су қоймасының негізгі уылдырық шашатын бөліктерінде – 1 сәуірден 30 маусымға дейін; 2) Шардара суқоймасы акваторийінде – 10 сәуірден 20 мамырға дейін; 3) Кіші Арал акваторийінде – 1 сәуірден 10 маусымға дейін; Қызылорда облысындағы су айдындарында 20 сәуірден 10 маусымға дейін балық аулауға тыйым салынады.
Тыныштық аймағын құру мақсатында мынадай орындарда жыл бойы балық аулауға тыйым салынады: 1) Арыс және Келес өзендерінде; 2) Сырдарияның Кіші Аралға құятын жерінен Көкарал бөгетіне дейінгі аумақтарда;
Ескеретін бір жайт, балықтың қырылуына жол бермес үшін Көкарал бөгетінің төменгі бьефінде, Кіші Арал мен Үлкен Арал теңізін жалғайтын тармағында, сондай-ақ Үлкен Аралға су ағызатын кезеңде бөгетке жақын 2 шақырым аймақта балық аулауға рұқсат беріледі.
Ал негізінде бүкіл ел бойынша балық аулауға тыйым салынған су айдындарының тізімі қомақты. Егер ол жайында толық мағлұмат алғыңыз келсе, ол ресми баспасөзде жуырда жарық көрген.
Балықты кез келген жерден аулауға болмайды
Последние статьи автора