Балаңыздың сабақ оқитын үстелі қандай?
Баланың сабақ оқитын үстелі дұрыс болмаса, омыртқасы қисайып, көз жанары нашарлайды деген рас па? Сонда баланың орындығы мен сабақ үстелі қандай болуы керек?
Мәдина БОЛЫСБЕКОВА, Құлсары қаласы
Баланың біліміне ғана емес, шығармашылығына куә болатын сабақ үстелі оның шағын жұмыс кабинеті десек болады. Ең тамаша суреттері мен шығармалары жазылатын, көптеген кітаптармен тілдестіретін сабақ үстеліне қойылатын бірқатар талаптар мен шарттар бар. Сұрағыңызды дәрігер-мамандар растағандай балаңыздың сабақ оқитын орны дұрыс болмаса, өзіне ыңғайлы жай іздеген баланың сымбаты бұзылумен қатар, омыртқасы қисайып, арты айықпас дертке алып келуі әбден мүмкін екен. Баланың бойы, дене бітімі тез өсіп, қалыптасатын үстелі мен орындығы шетінен ұзартылатындай бұрандалы, шешілмелі болса тіпті жақсы. Сабаққа дайындық кезінде баланың табаны жерге толығымен тиіп тұруы міндетті және ол талап орындалмаған жағдайда арқасы бүкірейіп кітап пен көздің арақашықтығы бұзылуы салдарынан жанарына да зақым келеді. Экологиялық таза материалдан жасалған үстел қайың, емен ағаштарынан немесе нығыздалған ағаш үгінділерінен жиналып, сырты қатты, жұқа ағашпен қапталған үстел баланың денсаулығына залалсыз. Қысқасы, үстелде табаны жерге толығымен тиіп, арқасы орындық арқалығына сүйеніп отырған балаңыздың денсаулығы үшін еш алаңдамауыңызға болады.