Баланы сенбілікке шақыру қаншалықты заңды?
Ұлым 6-сыныпта оқиды. Мектепте көктем сайын әр сенбі күні сенбіліктер өткізіліп тұрады. Сұрайын дегенім, мектептің баланы сенбілікке шақырып, жұмысқа салуы заңды ма?
Гүлнәр, Алматы қаласы
ҚР Конституциясының 24-бабының 1-тармағына сәйкес, әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкiмi бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi. Сондай-ақ ҚР Еңбек кодексінің 8-бабымен де еріксіз еңбекке тартуға тыйым салынған. Дегенмен ҚР «Балалардың құқықтары туралы» Заңының 16-бабының 2-тармағына сәйкес, балалар 14 жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсiп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл нормада баланың қоғамға пайдалы жұмыстарға қатысуға құқығы бекітілген. Сенбілік баланың қоршаған орта тазалығына деген санасын да қалыптастыратынын ойлаған жөн. Соған қарамастан, мектеп оқушыларын сенбіліктерге, жазғы тәжірибеге және ауыл шаруашылық жұмыстарға қатыстыруда ата-аналардың келісімі және баланың өз ойы ескерілуі керек.