Балабақша әкімшілігінің әрекеті заңды ма?
Саламатсыздар ма? Менің балам Алматы қаласындағы жекеменшік балабақшалардың біріне барады. Балабақшадағы түрлі іс-шаралар кезінде баламызды өзіміздің фотоаппаратымыз бен камерамызға түсіруге балабақша әкімшілігі тарапынан тыйым салынған. Ал арнайы шақырылған фотографтар ата-аналарға әр суретті 200 теңгеден, видеоны 1000 теңгеден сатады. Естелік үшін балалардың балалық шағынан көбірек естеліктер алғымыз келгенімен, фотографтардың 200 теңгеден сатқан суреті қымбатқа түседі. Осы орайда балабақша әкімшілігінің ата-аналардың өз фотоаппаратымен суретке түсіруге қарсылық жасауы қаншалықты заңды?
Элмира АЙТЖАНОВА, Алматы қаласы
Сіздің сұрағыңызға орай тиісті орындарға хабарласып, төмендегі жайттарды анықтадық. Балабақша әкімшілігінің әрекеті толығымен заңсыз. Рас, мерекелік іс-шаралар кезінде жаппай ата-аналардың балаларын суретке түсіріп алуға ұмтылуы балалардың көңілін аударып, іс-шараның ойдағыдай өтуіне кедергі келтіруі мүмкін. Әйтсе де ата-аналар мерекелік іс-шараның өтуіне кедергі келтірмей, тәртіпке бағына отырып әрекет етсе, балаларының балабақшадағы қызықты сәтін суретке түсіріп алуға ресми түрде ешқандай шектеу қойылмаған.