Бәйшешекті жұлсаң, бәлеге қаласың
Жыл сайын көктем шыға салысымен және әйелдер мейрамы кезінде жол бойында бәйшешек гүлін сатушылар көбейіп кетеді. Естуімше, бұл гүлді заңсыз жұлып сатқандар қылмыстық жазаға тартылады екен. Сол рас па?
Арайлым НҰРБЕКҚЫЗЫ, Алматы облысы
Біздің елімізде бәйшешекті жұлғандар үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Алайда Қазақстанда бәйшешектерді заңсыз сатумен айналысатын топтар заңның құрығынан оңай құтылып кететін тәрізді.
Қызыл кітапқа енген бәйшешекті теру заңсыз болса да, рұқсатсыз жұлынған әрбір бәйшешек үшін 0,5 АЕК көлемінде немесе 706,5 теңге айыппұл салынады. Алайда осы күнге дейін Қазақстанда гүлді заңсыз жұлғаны немесе қырыққаны үшін және заңсыз саудалағаны үшін азаматтарды бас бостандығынан айырған фактілер тіркелмеген.
Анықтамалықтарда: «Бәйшешек – құртқашаштар тұқымдасына жататын көпжылдық тамыр түйнекті өсімдік. Қазақстанда Іле, Жетісу (Жоңғар), Күнгей Алатауларында, Кетпен жотасында, Қаратауда өседі. Бәйшешектің Алатау бәйшешегі және Корольков бәйшешегі деген түрлері бар. Биіктігі – 10-30 см-дей. Тамыр түйнектері ұзынша немесе шар тәрізді домалақ болады. Шоғырланып біткен таспа жапырақтарының саны – 6-9, ұзындығы – 10-12 см. Сары немесе көкшіл түсті дара гүлінің гүл қоршауы қарапайым күлте жапырақшалардан тұрады» деп сипатталады.
Қазақы ырым бойынша бәйшешек гүлін жұлмайды әрі ешкімге сыйламайды.