«Бабалар сөзінің» қай томынан не табам?
«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Бабалар сөзі» 100 томдығының қолға алынғанын білеміз. Бірақ оған нақты нендей дүниелер еніп, нені қай томынан табатынымызды білмейміз. Және 100 томдықтың неше томы жарыққа шығып үлгерді?
Берік Жанғалиұлы, Павлодар
«Бабалар сөзі» жинағының басты мақсаты:
1) 1917 жылға дейін араб графикасымен жарыққа шыққан барлық мәтіндерді қайта басып шығару;
2) бұрын жарық көрген барлық мәтіндерді қалпына келтірілген, яғни дәл түпнегіз қалпында басып шығару;
3) мәтіндерді бізге келіп жеткен қалпында, алғашқы кейпінде, яғни мәтінге кейін енгізілген өзгерістерсіз жарыққа шығару. Айта кетерлігі, бұл факсимилді басылым емес. Мұнда біркелкі жанрдағы шығармалар бір серияға топталады, олар: дастан эпосы, ертегілік эпос, көне эпос, айтыстар және т.б. Мысалы, 1-томға Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген, кейін халқымыздың рухани өмірінен аластатуға ұшыраған «Сыршы молда», «Ғаяр қатын», «Қисса Зейне Зайуб», «Жетім көдек», «Орқа-Күлше», «Қисса Таһир» секілді хикаялық дастандар енсе, осылай 32 том дастанға ұласады да, 33-томда «Алпамыс батыр» жырының сегіз нұсқасы беріледі. Қай томға не енгені жайлы толық ақпаратты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сайтынан табуға болады. Ал бүгінде оның 75 томы жарық көріп үлгерді.