Азаматтық алған оралманға квота беріле ме?
Біз Қарқалпақстаннан 2001 жылы көшіп келгенбіз. Квота алған жоқпыз. Бірақ жұмысқа орналасу үшін азаматтық алу керек болып, 2003 жылы Қазақстан Республикасы азаматтығын алдық. Таяуда «азаматтық алған оралмандарға да квота берілетін болыпты» деп естідім. Осы рас па? Егер квота берілмейтін болса, біз сияқты оралмандарға басқа әлеуметтік көмек көрсетіле ме?
Рахматтулла ҚОЖАМҚҰЛОВ, Алматы облысы
Этникалык көші-қон жөніндегі басқарма сарапшысының мәліметіне сүйенсек, «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы заңының 14-бабына сәйкес, оралман мәртебесі азаматтық алғаннан кейін тоқтатылады.
Бүгінгі күнде, сіз Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан, сізді көшіп келу квотасына енгізіп, мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсету «Халықтың көші-коны туралы» Қазақстан Республикасы заңының талабына қайшы келеді.
Сол себепті сіз Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қосымша әлеуметтік көмек алу мәселесімен жәрдемақы және басқа да әлеуметтік мәселелерді өзіңіз тұрып жатқан аудандық басқару, жергілікті атқарушы органдарға хабарласып шешуіңіз қажет.