Мен болашақта ұшқыш болғым келеді. Осы ретте Азаматтық авиация академиясы еліміздегі ұшқыштар даярлайтын жалғыз жоғарғы оқу орны деп естіп едім. Менің білгім келгені, бұл оқу орнында авиацияға қатысты қазақша оқулықтар бар ма, әлде теория жүзінде дәріс алу үшін қазақ балалары міндетті түрде орыс, не ағылшын тілін білуі керек пе?
Марат
Бұл сұраққа Азаматтық авиация академиясының проректоры Айжан Сембайқызы жауап береді:
– Дәл қазіргі уақытта оқулықтар мәселесі бір ізге түсіп келе жатыр. Әрине біршама қиындықтар болды. Дегенмен академия ректоры Қазбек Бақытұлы осыған ерекше ден қойып, жаңа оқулықтар мен интернет мәселесі ретке келтірілді. Бірақ арнайы сабақтар бойынша қазақ тілді оқулықтар әлі де аз. Оның үстіне, ана тілінде жоғары деңгейде білім беретін мұғалімдер де тапшы. Осыны ескере отырып, біз арнайы дәріс беретін мұғалімдер арасында қазақ тілі мен ағылшын тілінде сабақ беретіндердің ынтасын жоғарылату үшін олардың жалақыларына белгілі дәрежеде коэффицент қосып қойдық. Өйткені мұғалімдерде қызығушылық, мотивация болу керек. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу арқылы авиация саласындағы орысша оқулықтарды қазақ тіліне аударып отырмыз. Сондай-ақ өзімізде қазақ тобында бітірген түлектерді академия жанындағы колледжде қалдыруға тырысамыз. Әрине біз оларды бірден академияға жұмысқа ала алмаймыз. Алдымен тәжірибе жинату үшін колледжде сабақ бергізіп, ғылыммен айналысуына көмектесіп, кейіннен академияға аламыз. Қазіргі таңда академияда ғылыми дәрежесі бар кандидаттар мен докторлар 51 пайызды құрайды.