Ұйқыға кетсем болды, қатты қорылдаймын. Бұдан қалай арылуға болады?
Ержан ЖҰМАҒАЛИЕВ, Алматы қаласы
Дәрігерлердің түсіндіруінше, қорыл ұйықтаған кезде жұмсақ таңдай мен тілдің қабыспай, жұтқыншақтың тарылуынан пайда болады. Қорылдың алдын алу үшін дәрігерлер бойды тым еркінсітіп жібермей, ауызды жауып ұйықтауды әдетке айналдыру керектігін ескертеді. Өйткені сергек ұйықтаған адамның таңдайы мен тілінің арты өзара жымдасып, жұтқыншақ қабырғаларының тырысуына жол бермейді. Бұған қоса, дәрігерлер мынадай жаттығуларды тұрақты түрде жасауға кеңес береді:
– тілді лор дәрігерге көрсеткендегідей алға созып шығару және керісінше, таңдайға тигізу. Бұл жаттығуды 30 рет жасау қажет. Тіл бұлшық етінің нығаюы ұйықтағанда оның бөбешікпен үнемі жымдасып тұруын қамтамасыз етеді;
– жақты да алға-артқа 30 реттен қозғалту және қатты нәрсені 5 минут бойы тістеу. Шықшыт бұлшық етінің қатаюы да ұйықтап жатқанда ауыз қуысының жинақы болуына ықпал етеді.