Мен өткен айда есепшінің көмекшісі болып жұмысқа орналасқан едім. «Ауылдық жерде жұмыс істегендерге 25 пайыз үстемақы қосылады» деп естіген едім. Бірақ менің жалақыма үстеме қосылмады. Бас есепшінің айтуына қарағанда, маған қосымша ақы тиесілі емес екен. Осы дұрыс па?
Замира Өктемқызы, Қарағанды облысы
Ауылдық (селолық) жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет және спорт мамандары лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi өкiлдi органмен келiсiм бойынша жергiлiктi атқарушы орган айқындайды.
Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын және ауылдық елді мекендерде орналасқан мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына қызметтің осы түрлерімен қалалық жағдайда айналысатын мамандардың айлықақыларымен және тарифтік ставкаларымен салыстырғанда кемінде 25 пайыз жоғары айлықақылар мен тарифтік ставкалар белгіленеді.
Бұл норма ауылдық елдi мекендерге денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт мамандарының тартылуын ынталандыру ауылдық аумақтардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және ауыл халқын қолайлы тұрмыс жағдайларымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондықтан ауылдық елді мекендерде орналасқан аталған салалардың мемлекеттік ұйымдарында жұмыс істейтін басқа мамандары (соның ішінде есепші) лауазымдарына қатысты жоғарыда аталған жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтік ставкалар белгіленбейді.
Ауылдық жердегі есепшіге 25 пайыз үстемақы тиесілі ме?
Последние статьи автора