Аттестация талаптары туралы білгім келеді
Биыл оқуды тәмамдадым. Енді адвокаттық қызметпен айналысқым келеді. Оған арнайы аттестациядан өту керек екен, менен бұл сынаққа өтініш білдіру үшін қандай құжаттар талап етілетінін білуіме бола ма?
Төлеген АМАНҒАЛИЕВ, Астана қаласы
ҚР Әділет министрлігі мамандарының мәліметінше, адвокаттық қызметпен айналысқысы келетін тұлғалар алдымен адвокаттар алқасының іс-тәжірибе бойынша сынақ мерзімінен, содан кейін Әділет министрлігінің аттестациялық комиссиясының сынағынан өтуі қажет. Қажет құжаттар: жеке басын куәландыратын құжаттар, іс-тәжірибеден өткені туралы қорытынды, заңгерлік жоғары білімі туралы дипломының нотариуспен мақұлданған көшірмесі, тұрғылықты мекенжайы бойынша наркологиялық және психиатриялық диспансерде тіркеуде жоқтығы туралы анықтама, сотталмағандығы туралы анықтама. ҚР «Адвокаттық қызмет туралы» Заңының баптары бойынша сәйкес келмейтін тұлға аттестаттауға жіберілмейді және оның себебі өтініш білдірушіге жазбаша түсіндіріліп, жолданады. Аттестация компьютерлік тест және емтихан билеттері бойынша екі кезеңмен өтеді.