Электронды поштадағы @ белгісі нені білдіреді? Неге бұл белгі «собачка» деп аталады?
Жазира Мұхтарқызы, Шығыс Қазақстан облысы
Өте қызық сұрақ. Иә, интернетті күнделікті қолданатын кез келген адам күніне бірнеше мәрте @ белгісін теруі мүмкін, бірақ көпшілік бұл белгінің мәнін, қызметін ұға бермейді. @ – интернеттің ерекше символы. Кейінгі жылдары аталған белгінің кең қолданыла бастағаны соншалық, ол 2004 жылы Морзе әліпбиіне ресми түрде енгізілді. Сонымен, @ қайдан шықты дегенге келер болсақ, ең алғаш бұл белгі ортағасырлық жазбаларда қолданылған екен. Ортағасырлық Еуропаның монахтары оны орыс тіліндегі «на», «в» деген шылаулардың орнына пайдаланған. Ал Испания мен Францияда «арроба» деп аталатын салмақ өлшем бірлігі осы белгімен белгіленген. @ символының қазіргі ресми атауы – «at». Ал @ белгісін әркімнің электронды поштасына қолдануды «e-mail»-ды қалыптастырушылардың бірі Томилсон ойлап тапқан. Ол компьютердің пернетақтасынан ешкімнің есімінде кездеспейтін белгіні іздеген кезде осы символға тоқталыпты. Сөйтіп, интернетті қолданушының аты мен пошта мекен-жайындағы домен атауын бөліп тұратын белгі ретінде @ таңдалып алынған. Бір қызығы, бұл белгі әр елде әртүрлі жануардың атымен аталады. @ Ресейде – «күшік», Италияда – «ұлу», Дания мен Норвегияда – «піл», Америкада – «мысық», Болгария, Германия және Польшада – «маймыл», Чехияда «маринад астындағы сельд» делінсе, Сербия мен Вьетнамда – «дөңгеленген А», ал жапондықтар басқалардан ерекшеленіп, мұны «иірім» деп атайды. Бұл белгінің қазақшасын біздер «айқұлақ» деп жүрміз.
@ символы «айқұлақ» деп аталады
Последние статьи автора