Астық экспорттаудан 6-орындамыз
Еліміз – астықты мемлекеттердің бірі. Бұл – біздің байлығымыз, брендіміз. Қазіргі уақытта әлемдік нарықты астығымызбен қаншалықты жаулап отырмыз? Жалпы, бұл жөнінен көш бастап келе жатқан қай елдер?
Жайна Оразбаева, Ақтөбе облысы
Жуырда ресейлік «Русагротранс» талдау орталығы жүргізген зерттеу бойынша, қазір әлемде сыртқа астық тасымалдаудан АҚШ көш бастап тұр. Құрама штаттар өздерінен бөлек 17 түрлі нарықты қамтамасыз етіп отыр екен. Мемлекеттік аумағының үлкендігіне байланысты астықты алқаптары жөнінен де ірі держава саналатын Ресей — рейтингтің екінші орнында. Оның әлемдік нарықтағы үлес салмағы 14 пайызды құрайды. Негізгі азық-түлік экспорты жөнінен Ресейден кейінгі орында Украина келеді. Сыртқы нарықтың 12 пайызын қанағаттандырып отырған Канада тізімде төртінші. Қазақстан осымен бірнеше жыл көлемінде әлемдік рейтингтің 6-орнын місе тұтып келеді. Ал ұн экспорты бойынша елімізге тең келер ешкім жоқ. Әлемдік нарықтағы өндірушілер бәсекесінің нақты көрсеткіштері егін орағынан кейін белгілі болмақ.