Әскери хунта – қауіпті құбылыс
Қандай мемлекеттерде үкіметтер әскери хунтаға жатады?
Талғат ӘЛІМҒАЗЫҰЛЫ, Алматы облысы
«Хунта» сөзі испан тілінен аударғанда «комитет» деген мағына береді. Үкіметі әскери төңкеріс арқылы ауысқан мемлекеттерді осылай атайды. Әлемде осындай саяси құбылысқа ең көп бой берген аймақ – Латын Америкасы болып есептеледі. Бұл өңірде соңғы 170 жылдың ішінде әскери төңкеріс жолымен 600 рет билік ауысыпты. Сәтсіздікке ұшыраған талпыныстар жүздеп саналады. Осыдан 40 жылдай бұрын Оңтүстік және Орталық Американың тең жартысы әскери адамдардың қолында болды. Одан бергісін қарастыратын болсақ, 1979 жылы Никарагуаның билігі әскери жолмен ауысты, осындай оқиға 1989 жылы Аргентинада қайталанды. Әскери тұлғалардың қысым көрсетуінен 1989 жылы Чилидің басшысы Пиночет биліктен кетті. Бразилияда, Уругвайда, Парагвайда, Мяньмада да осындай саяси құбылыс белең алған болатын. Қазір хунтаның айқын бір көрінісі ретінде Уго Чавес бастаған Венесуэла аталып жүр. Жалпы, Венесуэла тарихында билік бірнеше рет әскери төңкеріс жолымен ауысыпты. Өткен жылы ғана Гвинея үкіметі осы хунта «дәстүрімен» төңкерілді. Үстіміздегі жылдың басында Мавритания әскери қолбасшылары төңкеріс жасап, үкіметті отставкаға жіберді.