Ақынның өмір жолы туралы жазсаңыздар?
Жандарбек Бегімбетовті айтыс ақыны ретінде жақсы білгенімізбен, өмірбаян деректерінен хабарсыз екеніміз рас. Сондықтан ақынның өмір жолы, өсіп-өнген ортасы жөнінде жазсаңыздар екен?
Гүлбақыт НҰРТАЗА, Алматы
«Илигайлап» жыр төккенде әуезді әнімен, мағыналы сөзімен тыңдарман жүрегін баураған дара талант Жандарбек Бегімбетов 1962 жылы 28 қыркүйекте жазиралы Жаркент топырағында дүниеге келген. 1979 жылы Кішішыған орта мектебін бітірісімен, әскери борышын өтеп қайтқан. 1988 жылы Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік институтты тәмамдап, туған жеріне оралған. «Октябрьдің 40 жылдығы» агрофирмасында құрылыс инженері болып қызмет еткен.
Өнерге деген құлшынысы бала кезінен байқалған Жандарбек туған елін, жерін, ауыл еңбеккерлерін өлеңге қосып, ән шығарып, аудан, облыс жұртшылығының назарына іліге бастайды. Ал 1990 жылы наурызда өткен республикалық айтыстан кейін Жандарбектің есімі бүкіл елімізге танылды. Осыдан кейін Жандарбек республикалық, халықаралық деңгейдегі бірнеше айтыстарға қатысты. Азғантай уақыттың ішінде көрермен көзайымына айналып үлгерген сахна жұлдызы 1990 жылғы 17 қыркүйекте қапыда мерт болды. Жандарбек жөнінде түсірілген «Ақынның қызыр ие – жолдасы бар» атты деректі фильм «Қазақстан» теледидарының «Алтын қорына» енген. Сондай-ақ ол туралы естеліктер жинағы шығарылып, көптеген мақала, өлең-жырлар жазылған.