Кейде адамдар танысына мобильді аударым арқылы ақша аударамын деп, нөмірін қате теріп, қаражатты бөтен біреуге жіберіп қояды. Мұндай жағдайда бейтаныс адамның шотына түскен ақшаны қалай қайтаруға болады? Егер сіздің шотыңызға біреу қателесіп ақша аударса, не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Егер қателесіп ақшаны бейтаныс адамға аударсаңыз
Банк басқа адамның шотына түскен ақшаны сізге кері қайтара алмайды. Мұны істеуге міндетті де емес. Бейтаныс адамға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, ақшаны жіберуін өтінуге болады.
Егер ол бас тартса, сотқа ақшаны өндіріп алу туралы талап-арыз бере аласыз. Өйткені Азаматтық кодекске сәйкес, қолданыстағы заңнамада ақшаны алған адамның әрекеті "негізсіз баю" деп саналады.
Бұл ретте сотқа дәлелді айғақтар ұсыну қажет. Мысалы, ақша аударғыңыз келген танысыңыздың телефон нөмірін немесе деректемелерін көрсету.
Сондай-ақ ұялы операторға хабарласып, қоңыраулар тізімін сұратуға болады. Сол арқылы бұрын бейтаныс адамға ешқашан телефон соқпағаныңызды, қателесіп ақша жіберіп қойғаннан кейін ғана қоңырау шалғаныңызды дәлелдей аласыз.