Ақиық – бүркіттің бір түрі
Ақын Мұқағали туралы айтылғанда оның есіміне «ақиық», «мұзбалақ» деген сөздерді қосып айтамыз. Бұл сөздердің мағынасы қандай?
Айдана, Ақтөбе қаласы
Ақиық — бүркіт тұқымдасына жататын, сұңқар тәрізді ірі құс. Негізінен, Алматы облысының таулы аудандарын мекендейді. Ересегінің түсі қара қоңыр, иығында ақ дағы болады. Балапан кезінде түсі бірыңғай ақ болады. Ал мұзбалақ – ол бүркіттің жас мөлшерлерінің бірі. Халқымыз бүркіттерді жасына қарай төмендегідей атаған:
Бір жастағысы – балапан, екі жастағысы – қантүбіт, үш жастағысы – тірнек, төрт жастағысы – тастүлек, бес жастағысы – мұзбалақ, алты жастағысы – көктүбіт, жеті жастағысы – қана, сегіз жастағысы – жаңа, тоғыз жастағысы – майтүбіт, он жастағысы – барқын, 11 жастағысы – баршын, 12 жастағысы шөгел деп аталады. Жалпы, белгілі ғалым Әлкей Марғұланның зерттеуінше, қазақ тілінде тікелей бүркітке қатысты 1,5 мыңдай ұғым бар.
Бүркіттің аяғы төрт саусақты. Олардың артқысын– тегеурін, ішкісін – жембасар, ортаңғысын – сығым, шеткісін шеңгел деп атайды.
Бүркіт – сұңқар тәрізділер отрядына, қаршыға тұқымдасының қырандар туысына жататын, оның ең ірісі және бірбеткейі саналатын жыртқыш құс. Қазақ халқы оны жеті қазынаның бірі санап, кие тұтқан. Қазіргі Көк байрағымызда да күн астында қанатын кеңге жайған қыран бейнеленген. Мұқағали туған таулы өлкеде бүркіттердің бірнеше түрі кездеседі.