Ең пайдалы әрі кез келген ауруға ем, қолдануға ыңғайлы медициналық шөп тамыры туралы білгім келеді.
Айша Бауыржанқызы, Астана
Сіздің сұрап отырғаныңыз – қазірде қолданысқа енгізіліп жүрген имбирь тамыры. Имбирь тамырының ғылыми атауы – мүйізді тамыр. Біздегі халықтық атауы – ақ тамыр. Имбирь, негізінен, Оңтүстік Азияда көп таралған өсімдік тамыры. Қазіргі уақытта Қытайда, Үндістанда, Индонезияда, Австралияда, Батыс Африкада, Ямайка мен Барбадосте өсіріледі.
Орта ғасырда Еуропаға тағамға қоспа және емдік дәрі ретінде әкелінген. Алайда имбирь ол кезде тек чума ауруының алдын алу үшін ғана қолданылған. Сол заманның көпестері бұл ғажап әсерлі тамырды жер түбінде өсетіндіктен өте қымбат бағаға сататын-ды.
Медицинада асқазан жарасын емдеуге ұнтақ түрінде қолданса, оған қоса тәбетті арттырып, ас қорытуды жақсартады. Май мен холестериннің зат алмасуын қалпына келтіріп, қанның айналуын жақсартады. Тамырын джем, шәрбәт ретінде қолданасыз. «Имбирь шәйін» (қайнаған) бал және лимонмен қосып тұмау мен суық тиюге қарсы ішуге болады. Бас ауруы мен ревматизмге компресс ретінде жүзеге асырады. Ол «доктор Мом», «фитолор» т.б. түріндегі дәрі ретінде жөтел мен суық тиюге қарсы қолданысқа енгізілген.
Имбирь тамыры кез келген ауруға қарсы пайдалануға ыңғайлы әрі қолайлы. Тіпті күнделікті лимон мен имбирьді турап, таңертең, түсте, кешке жеп тұрсаңыз, күнделікті жұмысқа деген ынтаңызды ерекше арттырып қана қоймай, стресті, шаршауды басып, миыңыздың жұмыс жасау қабілетін жақсартады, денеге жиналған тұздардан арылтады. Сондай-ақ тісіңіз ауырғанда бассаңыз немесе тұзбен қоса шайнасаңыз, бірден-бір таптырмайтын дәрі.