Әнет баба ұрпақтары
Әнет бабаның өз кіндігінен ұрпақ қалған ба? Бабаның ұрпақтары жайлы толығырақ мағлұмат берсеңіздер.
Сақыш Құлқақызы, Семей өңірі
Ел басына күн туып, қалың жұрт бас сауғалай қашқанда, шаңырағына қарлығаштың салған ұясын бұзбаймын деп, әулие Әнет баба жұртта қалған деседі. Ал Көкенай батыр бастаған әскер қалың жұрт Қаратаудан асып, көшіп кеткенше жаудың алдын алып, тосқауыл қоюды ұйымдастырады. Осындай аласапыран шақта Әнет бабаның ат жалын тартқан бес бірдей ұлы жау қолынан қаза табады. Бес баласының қазасын естігенде «елі үшін құрбан болған ұлдың арманы жоқ» деп, Әнет баба қайғыға мойымайды.
Шәкәрім қажы Әнет баба ұрпақтарын былай таратады: «Әнет бабаның бәйбішеден туған бес баласы қалмақтың оғынан өліпті. Сол бәйбіше балаларының бірі – Байболаттан Балуан, Бақай бесікте қалған екен. Балуаннан тұқым жоқ. Бақайдың үш баласы – Құрманбай, Жарылғап, Тоққожа. Құрманбайдың баласы – Байымбет, оның баласы – Тулақбай. Жарылғаптың екі баласы – Шығырбай, Сасықбай. Сасықбайдан екі бала – Отыншы, Керейбай. Шағырбайдан екі бала – Қарабас, Жортубай туады. Ал Тоққожадан – Көбеген, одан Дүйсенбай туады. Ол Шыңғыстауда. Өзге ұрпақтары Белағаш елінде. Әнет бабаның тағы бір әйелінен Жаубасар туады. Одан екі бала – Отағұл, Маң. Отағұлдың үш баласы: Жұрынбай, Тоқбан, Сыдық. Маңның екі баласы: Ақбай, Тұяқ және Әнет бабаның кіші әйелінен – Есболат, Шақа. Есболаттың екі баласы: Байгел, Шабан. Шақанның үш баласы: Айтуар, Тәуке, Бостан (Құдайбердиев Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. 43-бет).