Алимент төлемегені үшін әкелік құқығынан айыруға бола ма?
Мен күйеуіммен ажырасқанмын. Екі жасар балам бар. Күйеуім жұмыс істемейтіндігін сылтауратып, алимент төлемейді. Ата-анамның үйінде сегіз адам болып тұрамыз. Алимент төлемегені үшін күйеуімді әкелік құқығынан айыра аламын ба? Жалғызбасты ана ретінде пәтер алуда және әлеуметтік жәрдем алуда жеңілдіктер бар ма?
Ақерке Серғазина, Шығыс Қазақстан облысы
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалғызбасты аналарға әлеуметтік кепілдемелер жалпы негізде қаралған. Отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуға құқығы бар. Жәрдемақының мөлшері әр балаға 1 АЕК (1512 теңге) құрайды. Сонымен қатар азаматтардың отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыста белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке үміткер бола аласыз. Алимент төлемеу, әке құқығынан айыру мәселелері бойынша сот органдарына жүгінуіңізге кеңес береміз. Үй бөлу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзырына кіреді, сондықтан сіз аталған мәселе бойынша жергілікті әкімдікке хабарласуыңыз қажет.