«Әлеуметтік демалыс» деп нені айтады?
Газеттерден, ғаламтордан «әлеуметтік демалыс» деген тіркесті кездестіремін. Бұл қандай ұғым? Түсіндіріп берсеңіздер екен.
Бейсен Жалғасов, Алматы қаласы
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сарапшыларының мәліметінше, Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы мен әлеуметтік демалыстар беріледі. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкердің тынығуына, жұмыс қабілетін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және қызметкердің өзге де жеке қажеттіктеріне арналады және жұмыс орны мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі. Әлеуметтік демалыс – ана болуға, балалардың күтіміне, өндірістен қол үзбей білім алуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында және өзге де әлеуметтік мақсаттар үшін қызметкерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату. Қызметкерлерге мынадай әлеуметтік демалыстар беріледі: 1) жалақы сақталмайтын демалыс; 2) оқу демалысы; 3) бала тууға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты демалыстар.