Алдаркөсе мен Қожанасыр өмірде болған ба?
Қолымыз қалт етсе, анекдот айтамыз. Оның ішінде Алдаркөсе мен Қожанасыр «деген екен» деген күлкілі әңгімелер көп. Бұл адамдар өмірде нақ болған ба?
Ораз ЖӘЛЕЛ, Алматы қаласы
Қожа Насыр – мұсылман халықтары, Жерорта теңізі мен Балқанның кейбір халықтарының қысқа сатиралық-юморлық қойылым, анекдот, тұрмыстық ертегілерінің фольклорлық кейіпкері. Зерттеулердің ішіндегі шындыққа жанасатыны – түріктің Қожа Насыры (1208-1284жж.). Ол Хорты (Үшкіртау) қаласында туған. Әкесі Абдолла имам болған. Қожа Кониа қаласында медреседе оқып, имамдықты меңгерген. Имамдық қызметін Мехмет деген адамға тапсырып, өзі осы күнге дейін зираты мен кесенесі сақталған ғылым-білім қаласы – Ақшехирде қайтыс болған. Ал К.С.Давлетов Насыр образын VIII-XI ғасырларға жатқызады.
Алдаркөсе – өмірде болмаған. Әр халықтың өзінің елді кезіп, халықты күлкіге қандырып жүретін Қожанасыр образы сынды Алдаркөсе – қазақтың ойдан шығарылған қалжыңбас, әзілкеш диуанасы. Кей аңыз әңгімелерде Алдардың Жәнібек ханмен кездескені, әкесінің қарапайым жалдамалы Алдан есімді шопан болғаны туралы мәліметтер бар. Ауызша тараған әңгімелерден қоғамдағы кем-кетікті түзеуде халықтың үнін жеткізетін бір кейіпкердің болуымен тығыз байланысты. Қазақта Алдаркөсе сынды әр заманда қыңыр сөйлеп, мін түзейтін типтік образдар болған.