«Акмеизм» ағымы деген атау қазір қолданылмайды. Ол қай кезеңге жатады? Өмірдің қай саласына қатысты айтылады?
Жаниға ДОСПАНОВА, Астана қаласы
Акмеизм – модернизм, импрессионизм, экспрессионизм, футуризм сияқты өткен ғасырдың басындағы жылдарға тиесілі көркем әдебиеттің көптеген ағымдарының бірі. Акмеизм – ХХ ғасырдың басында, революция қарсаңындағы халық мәдениетінің құлдырау, күйреу шағында туған орыс поэзиясындағы модернистік ағым. Акмеистер «Цех поэтов» үйірмесін құрып, «Аполлон» журналын (1907-1917) шығарып отырған. Олар сол кезеңдегі қоғамды сынаудан бас тартып, ұсақ халықтарды езу, орталау халық бұқарасын жек көру идеясын насихаттау, өмір шындығын дұрыс көрсетпеуді мақсат етті. Табиғаттың, белгілі бір оқиғаның, заттың болмысын тәптіштеп бейнелеуге ұмтылды. Акмеистердің дарашылдыққа бой ұрған шығармашылығы халыққа жат әрі зиянды еді. Қазан төңкерісінен кейін акмеизм ағымы жойылып, оның кейбір өкілдері (А.Ахматова солардың бірі) кеңестік өкімет жағына шықты.