Әкімдікке кандидаттар тіркелу үшін қандай құжаттар тапсырады?
Биыл ауыл әкімдігіне сайлауға түсуші үміткерлер қандай құжаттар тапсыруы тиіс?
Біржан, Алматы облысы
Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидаларына сәйкес, әкімдікке кандидаттар ұсынуды аудан (қала) әкімі жергілікті қоғамдастықпен консультациялардан кейін балама негізде (яғни әкім лауазымына кемінде екі кандидат) жүзеге асырады. Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы кандидаттың қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтайды, ол туралы тиісті хаттама жасайды. Кандидаттарды тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:
1) аудан (қала) әкімінің Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қаласы, ауылдық округі, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімі лауазымына тиісті кандидаттарды ұсыну туралы ұсынымы;
2) әкімдікке кандидат ретінде дауысқа түсуге келісетіні туралы өтініші;
3) әкімдікке кандидат туралы өмірбаяндық деректер;
4) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкі туралы декларацияларды тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы.