Әйелдің сөмкесінде не жоқ?
Қыз-келіншектерді сөмкесіз елестету қиын. Нәзікжандылардың мінез-құлқын сөмкесіне қарап қалай анықтауға болады?
Бауыржан Өсекбаев, Алматы қаласы
Әйелдің құпиясын ашу үшін ер-азаматтар қандай әдіс ойлап таппайды десеңізші. Нәзікжандылардың мінезін олардың жүрісіне, қолдарына, көздеріне, шаштарына қарап анықтап жатады. Жақында испан психологтері әйелдің мінез-құлқын оның ұстайтын сөмкесіне қарап анықтаудың тәсілдерін ұсынды. Олардың айтуынша, үлкен сөмке ұстауды ұнататын қыз-келіншектер білімді, жан-жақты, алға ұмтылғыш, шыдамсыздау болып келеді екен. Ал, керісінше, кішкене сөмке ұстайтын әйелдер – терең ойлы, өмірге деген өзіндік көзқарасы бар жандар. Сөмкелерінің формасы қаталдау болып келетін әйелдер іскер, тұрақты болып келеді. Олардың киімі де классикалық стильде және мұндайлар өзіне деген ынтаның қашанда жоғары болғанын қалайды. Түрлі дизайндағы сөмкелерді жақсы көретін нәзікжандылар – өте батыл, әзілқой, ішкі дүниесі өте бай әрі өзгеден ерекшеленіп тұруды жөн көретіндер. Әдетте әйелдердің сөмкесінде «не бар» деп сұрағаннан «не жоқ» деп сұраған дұрысырақ. Әйелдердің сөмкесінде кемінде 20-30 зат жүреді екен. Сөмкесі қашанда реттеліп, артық зат салмайтын әйелдер – өз-өзіне сенімді, айтқан сөзінде тұратын, кез келген адаммен тіл табысып кететін жандар. Ал, керісінше, сөмкесі әрқашан ретсіз шашылып жүретін әйелдер өте қиялшыл болып келеді.