Әйел затының қанша атауы бар?

Халқымыздың тұрмысында әйел затына қатысты «әпке, жеңге, апа» деген сияқты түрлі атаулар бар. Бұдан басқа да атауларды атап көрсетсеңіздер.
Марат Орынбасарұлы, Ақмола облысы
Энциклопедиялық ғылыми жинақтарда әйел затына төмендегідей сипаттама берілген:
Әйел – адам баласының ішіндегі нәзік жыныстыларға ортақ атау, ер адамның өмірлік серігі, зайыбы. Отбасындағы және, жалпы, қоғамдағы орнының өзіндік ерекшеліктерімен байланысты әйел затының әлеуметтік жағдайы мен жасына, қандастық, некелік туыстыққа қатысты этикалық мәнді, әлеуметтік қарым-қатынасты білдіретін ғұрыптық атаулар халық тілінде аса мол кездеседі: әже, ана, шеше, ене, (қайын ене), қыз, абысын, шешей, жеңге, aпa, қарындас, сіңлі, қайын сіңлі, балдыз, бөле, келін, келіншек, нағашы әже, нағашы aпa, нағашы жеңге, нағашы қарындас, жиен aпa, жиен қарындас, құдағи, өкіл шеше, өгей шеше, кіндік шеше, бойжеткен, қалыңдық, бәйбіше, тоқал, жар, жұбай, зайып, жесір, қатын, кемпір, кейуана, құрбы т.б. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қазақ әйелі әдепті, мейірімді, қамқоршы болуы тиіс, күйеуін әр кез сыйлап, ұрпағына тәлім-тәрбие беруі тиіс.





