Осы Айдан жер сатып алуға болады деген әңгіме естідім. Айдан жер телімдерін қайдан сатып алуға болады?
Гүлдарай ЕСТАЕВА, Жамбыл облысы
Жерден тыс учаскелерді сатумен айналысатын ұйым бар, бұл – Ай консулдығы. Осы ұйымнан кез келген елдің азаматы тиісті ақшасын төлеген соң, Айдан, Марстан немесе өзге де Жер шарынан тыс аспан денелеріндегі жер аумағына иелік ететіні туралы сертификат алады. Ал бұл сертификаттардың заңдық күші жоқ, түпнұсқалық сувенир болып қалады. Ай учаскелерінің стандартты өлшемі – 1 акр, яғни шамамен 40 сотық. Соған қарамастан Ай консулдығының сертификаттарын сатып алуға сұраныс өте жоғары, өйткені бұл – бай-бағландардың өз туыстары мен достарына табыс етуге таптырмайтын керемет сыйлық. Жерден тыс ғарыштық денелердің (ғаламшарлар, жұлдыздар) ешбір ел, компанияның меншігіне жатпайтынына назар аударған АҚШ-тың Калифорния штатының тұрғыны Дэннис Хоуп 1980 жылы өзін Күн жүйесіндегі Күн мен Жерден өзге барлық аспан денелерінің заңды егесімін деп жариялап жіберді. Ал оған қарсы тойтарыс беретін тиісті заңнама жоқ екен. Содан кейін-ақ Айдан жер сатып алу сәнге айналып кетті. Қазірдің өзінде Жер шарының 180 елінен 4 млн адам Айдан жер телімдерін сатып алып үлгеріпті. Айдан жер иеленгендердің арасында АҚШ экс-президенттері Джимми Картер, Рональд Рейган, Джордж Буш, 1753 ірі трансконтиненталдық корпорация басшылары, НАСА-ның 40 астронавты, 25 еуропалық, ресейлік ғарышкер, 500 әлемдік кино, музыка, спорт жұлдыздары, атап айтқанда, Джордж Лукас, Мик Джеггер, Патрик Стюарт, Джон Траволта, Том Круз, Николь Кидман, Клинт Иствуд, Арнольд Шварценнегер, Деннис Хоппер, Рональдо тағы басқалар бар.
Айдан жер сатып алуға бола ма?
Последние статьи автора