Адырна деген не?
Адырна деген сөз қандай мағына береді? Ол музыкалық аспап па әлде қару түрі ме?
Дастан Зернебеков, Қарағанды қаласы
Адырна – қазақтың көп ішекті шертпелі аспабы. Аспаптың шанағы қуыс, беті көн терімен қапталады. Оны көбіне аңшылар ұстаған. Аспаптың көне үлгісі әуелде садақ тәріздес болған. Садақтың ағашқа керілген жібін «адырна» деп атайтындықтан, аспаптың атауы соған ұқсастырылған. Кейін бұғы, марал, киік, бөкен тәрізді аңдарға ұқсастырып жасап, мүйіз бен құйрықтың екі арасына ішектер тартып ойнаған. Адырнаны тізенің үстіне қойып, басын иыққа тіреп, ішектерін іліп тартып, кейде шертіп ойнайды. Адырнаның ішегі шуда жіптен немесе тарамыстан тағылады, аспаптың тұрқы 48-50 см., қалыңдығы 8-10 см, 7-ден 13-ке дейін ішектер тағылады. Адырна қазіргі кезде фольклорлық әуендер мен шағын күйлерді орындауға қолданылады. Адырнаның Д. Шоқпарұлы, А. Құмаровтар жасаған бірнеше нұсқасы Алматыдағы Ықылас атындағы қазақ саз аспаптары мұражайында сақтаулы.