Абайдың әжесі Зере
М.Әуезовтің «Әжемнің әңгімесінде» бала Абайдың әжесін ерекше сыйлап, жақсы көргендігі суреттеледі. Абайдың әжесі Зере қандай адам болған?
Жанат ПАРАСАТҚЫЗЫ, Алматы облысы
Абайдың әжесі туралы М.Әуезовтің «Абайдың туысы мен өмірі» атты мақаласында былай деп жазылған: «Шешесі (Құнанбайдың – Алаш айнасы) Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған. Ол уақыттағы бәйбішенің бір сыны – күндестік дегенді білмей, кең мінезді болу. Зере бәйбіше осы жағынан көп мақталады. Күндестердің балаларын өз балаларындай асырап, еркелеткен деседі. Зере күйеуі Өскенбайдан да көп жасаған, би 1850 жылы 72 жаста өлген екен, бәйбішесі 90-ға келіп өліпті. Мұның ақын болатын немересі Абай жас бозбала күнінде елдің бәрі Зере бәйбішені «кәрі әжем» деп қадірлейді екен. Кәріліктен құлағы естімейтін болған соң, немерелеріне дұға оқытып, үшкіртеді екен. Сонда немересі Абай кәрі әжесінің құлағына өлеңді айтып келіп үшкіргенде, «е, қарағым, құлағым тәуір болып қалды» деп ырза болады дейді».