Абай неше әйел алған?
Ел аузындағы кейбір әңгімелерде Абайдың көп әйелі болғаны айтылады. Шындығында, Абай өмірде неше әйел алған?
Жәнібек ЖҰМАБЕКҰЛЫ, Талдықорған қаласы
Әдебиетші ғалым Тұрсын Жұртбаевтың пікіріне жүгінсек, Абай үш рет неке қидырған. Ең үлкен бәйбішесі Ділдәға он алты жасында үйленген. Ділдә – әйгілі Қаз дауысты Қазыбек бидің тұқымы, Алшынбайдың Жүсіп деген баласының қызы. Ділдә Абайдан екі жас үлкен болған. Одан кейінгі өзі сүйіп қосылған жары – Әйгерім. Ал кейіннен інісі Оспан қайтыс болғанда оның жесірі Еркежанды әмеңгерлікпен алған.
М.Әуезовтің 1936 жылы жазылған «Татьянаның қыр-дағы әні» деген алғашқы әңгімесі мен 1943 жылы шыққан «Абай» романында Ділдә Абайдың «балаларымның анасы» деп қадір тұтқан сүйікті әйелі ретінде бейнеленген. Алайда 1947 жылы екінші кітап баспаға кететін тұста осыған байланысты үлкен дау туады. Өйткені Әуезовтің суреттеуінше, романның бірінші нұсқасында Әйгерім жағымсыз кейіпкер болады. Соған орай, «Мұны өзгертпесең болмайды. Әйгерім – кедейдің қызы» деген сын айтылады. Алғашында «Өзгертсем, шындыққа қиянат келеді. Елдің көзіне қалай қараймын» деп ұзақ тайталасқан Әуезов ақырында романды өткізу үшін Әйгерімді жақсы образға шығарады.