1941-45 жылдары қазақ жастары антикеңестік ұйым құрған ба?
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында қазақ жастары антикеңестік мақсатта «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атты ұйым құрғанын естіген едім. Осы ұйымның белсенділері жайлы білгім келеді.
Әлия Сыпатай, Орал қаласы
Ұлы Отан соғысы басталардан сәл ғана бұрын «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деген атпен саяси ұйым құрылғаны рас. Бұл ұйым бар болғаны жеті-ақ ай өмір сүрген. Саяси бірлестікке мүше болған 17 мен 23 жас арасындағы 14 боздақ дереу ұсталып, сотталған. Артынша «Қазақ халқын қорғаушылар одағының» басшысы, 17 жасар Ғұбайдолла Әнесов ату жазасына кесіліп, үкім Ғұбайдолла 19 жасқа шыққан 1943 жылы орындалған. Қылышынан қан тамған қызыл империяға қарсы күреспек болған Ғұбайдолла (Ғұбаш) Әнесов, Сейітқали Бажекенов, Сатқали Молдағалиев, Ғұмар Тұрымов, Сайдолла Шорабаев, Мұхамбетжан Нұралин, Иғали Мұхамбетқалиев, Мәззап Әлиев, Мәннап Ахметов, Қамал Мақұлбаев, Сүндетқали Қаражанов, Өтеген Аманов, Қайырғали Сапарәлин, Иманғали Насыров сынды жеткіншектер өмірін келер ұрпақ зерттеуі тиіс деп ойлаймыз.