Cәкен Майғазиев:"Ешкім естіп қоймасын, өз арамызда қалсын..." деп қойып, аттың басын жібереміз"
Бір-біріңді қараламаңдар! Өзің жақсы болсаң жан-жағың да жақсы. Бұл марқұм Шәки әжемнің жиі айтатын ақылы еді. Сөздің төркінін түсінуші ме еді, әлі бала ғой демей, құлағымызға құйып, санамызға сіңіре берді. Өзім жақсы болып жетістіре алмай жүріп кімді жамандамақпын.
Бір адамды мақтап, не даттамас бұрын, сол адам туралы сөз айтып, баға бермес бұрын шариғатымыз шарт қойған. Олар: Көрші тұру, дастархандас болу, сапарлас болу тағысын тағы. Біз ше? Өмірімізде қолын алып, көзіне қарап көрмеген кейіпкер туралы неше түрлі алып-қашпа әңгімені ағылтамыз-ай кеп. "Негізі, жамандағаным емес...", "Ғайбат болмасын, әлгі кім ше...", "Ешкім естіп қоймасын, өз арамызда қалсын...", деп қойып, аттың басын жібереміз. Сосын, жер бетінде кемшіліксіз екі-ақ адам болып отырамыз. Адамзаттың асылы ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ МҰХАММЕД (с.а.с) сахабаларынан: "Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?" &ndash деп сұрайды. Сахабалар: "Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі", &ndash деседі. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): "Ол &ndash бауырың туралы сыртынан ол ұнатпайтын түрде өсек айтуың", &ndash дейді. Бір сахаба: "Ал сондай сипат оның бойында болса ше?" &ndash деп сұрайды. ПАЙҒАМБАР (с.а.с.): "Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан боласың. Ал, жала жапқан адам өзіне тозаққа отын жинаған жанмен тең", &ndash деп жауап береді. 
Мінәсәр деген марқұм құдағиымыз маған "Жақсылармен жанастырсын, жамандардан адастырсын, әмин", деп бата беруші еді. Сол бата қабыл болды ма, жанымда жақсылар көп, АЛЛАҒА шүкір. Жамандар да бар шығар, бірақ мен оларды көрмеймін (көре алмаймын ба-а-а). Өмір жолында тек жаксылар жолығып, жақсы ойлап, жақсы сөйлеп, жақсы түс көрейікші. Жұма мүбәрак, жақсылар!