Ала шапанды көршіге соны көзқарас

Ала шапанды көршіге соны көзқарас

Қазақстанның құдайы көршілерінің ішінде айыр қалпақты ағайыннан басқасының осалы жоқ. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз...» деп баяғыда қаз дауысты Қазыбек бабамыз айтқандай, жайшылықта өзге жұртпен алалық қылмайтын халықпыз. Алайда іргелес өзағаңның бағзыдан бергі бақастығы, жоқ жерден ши шығарып, тобықтан шалушылығы аймақтың гүлденіп-өркендеуіне, саяси-экономикалық, мәдени байланыстың тереңдеуіне кедергі келтіріп отырғандай. Кеңес билігі құлағаннан кейін туыс елдер арасындағы қордаланып қалған күрмеулі мәселелер көңілді күпті етпей қоймайды.

Тарихта тайталасқан туыс ұлт

«Өзбек-өзағам» деп ала шапанды ағайынын бауырға басатын қазақтың оған жақсылығынан басқа жамандығы жоқ. Тарихты безбендесек, ағайынды халықтар «тай-құлындай тебісіп» өсіпті. Орта ғасырларда Мауереннаһрға билік жүргізген Мұхаммед Шайбанилер әулеті қазақ даласына ғазауат соғысын ашып, дүркін-дүркін жорық ұйымдастырыпты. Қазақ хандарының есе қайтарып отырғаны болмаса, өзбек жеріне басқыншылық қылған кезі жоқ деуге болады. Ташкенттегі ғасырдай қазақ хандарының дәргейінде болғаны, Шайбанилер әулеті сахнадан жоғалып, аштарханидтер әулетінің ұрпақтары үстемдік еткен Мауереннаһр хандығы, одан кейін Қоқан, Хиуа, Бұқар хандықтарының қазақ даласына көз алартқаны тарихтан мағлұм. Саясаттанушы Әзібай Ғали айтпақшы, өз елі, жері үшін қазақ қалмақпен ғана емес, «өзағасымен» де көп соғысуға мәжбүр болыпты. Кеңес өкіметі көршімізге өзбек атауын біржола таңды. КСРО күйреген соң аймақта гегемондық етуге ұмтылған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы түйткілді мәселелер шаш етектен. Қазақтың сабырлы болуымен, өзбектің ши шығарғыштығымен іс біте қояр ма?

Көп күттірген көгілдір отын

Соңғы кездері аязға байланысты оңтүстік өңірлердің өнеркәсіп орындарына Өзбекстаннан табиғи газ жеткізілімі шектеліп, мүмкіндігі барлары мазут отынын амалдап отыр. Елімізде әлемдік табиғи газ және газ конденсатының 3 трлн текше/метр немесе 1,7 пайыз барланған қоры болғанына қарамастан Қазақстан Өзбекстаннан жыл сайын 3-3,5 млрд текше метр көгілдір отын алады. Жыл сайын газ өндіруді ұлғайтсақ та, бәрібір құдайдың құтты күні бұлдана беретін өзбек газына тәуелді болып қалып отырмыз. Осыны жақсы білетін өзағаңдар газды әлдеқашан геосаяси көзірге айналдырып алған. Әйтсе де, оқтын-оқтын газдың бөгелу себептері өндірістік немесе төтенше жағдайлардың орын алуымен түсіндіріліп келеді. Мәселен, 2007 жылдың аяғында Өзбекстан ішкі нарықтағы тұтыным көбейіп кетті дегенді сылтауратып, газ құбырын жауып тастаған еді. Бұл қазақ-өзбек қарым-қатынасындағы көп түйткілдің бір парасы ғана. Оның сыртында су-энергетикалық, шекараны межелеу, ерсілі-қарсылы жөңкілген гастарбайтерлер, Арал мәселесі, Өзбекстандағы қандастарымыздың жайы қалыптасқан ахуалды байсалды реттеуді талап етеді. Сарыағаш ауданындағы бүлдіршіндеріміз отандық емес, Өзбекстанның ӨзТВ-1, ӨзТВ-2, МарказТВ, Яшлар, Спорт Узбекистон, Тошкент ТВ телеарналарын көретіні Алашты алаңдатарлық жағдай.

Судың шуы көп

Суға талас аймақ елдерін алакөздендірді. Орталық Азияда бір тұрғынға есеп-тегенде жылына 2600 текше метрден су келсе де, су мәселесі күрделеніп кетті. КСРО кезінде Орталық Азияның су шаруашылығы мәселелері орталықтан шешіліп келіп еді. Орталық Азиядағы су-энергетикалық мәселені шешу үшін Бірыңғай энергетикалық жүйе құрылғанымен одан Өзбекстан іргесін аулақ салды. Өзбекстан судың 90 пайызын егіншілікке пайдаланғанымен оның 60 пайыздайын ысырап етеді екен. Ал аймақтың тіршілік көзі болып отырған Әму мен Сырдың суы норманың 70 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Қос өзеннің маңайындағы халықтың 65 пайызы су шаруашылығымен айналысады. Алдағы 10-15 жылда бұл аймақтың суға қажеттілігі 40 пайызға артады. Әзірге бұл бағытта Көксарай реттегіш суқоймасымен амалдап жатқан жайымыз бар.

Шекара ма, майдан ба?

Өзбек елімен 2300 шақырымға созылған шекарамыз бар. Сол шектескен тұстарда арғы жақтан азаматтарымызға жиірек оқ атылатыны, көрші елдің шекарашыларының жерімізге басып кіріп, тайраңдап кеткені туралы жағымсыз ақпарлар арагідік естіліп жатады. 2000 жылы қазанда бір топ өзбек шекарашысының Сарыағаш ауданына басып кіріп, Төңкеріс ауылының үш азаматын заңсыз алып кеткен оқиғаны жұрт ұмыта қойған жоқ.

Мәселен, 2001 жылы қаңтарда өзбек шекарашыларының Қазығұрт ауданы Көкпек ауылы тұрғынына қарсы оқ атқанын, 2002 қарашада Байтұрғанов деген азаматымыздың өлім құшқанын тізбелесек, осы кезге дейін мұндай ондаған оқиғаның болғанына көз жеткізер едік. Осыдан кейін өзбектер шекараны майданға айналдырып жіберген бе деп қаласыз. Тіпті өзбек университеттерінде «Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби, Түркістан, Сайран аудандары байырғы өзбектің жері, сондықтан оны қайтару керек» деп оқытылады екен. Сарапшылардың айтуына қарағанда, Өзбекстан тарапы екі ел арасындағы шекараны делимитациялауды өз пайдасына шешуге тырысып бағып отыр. Қазақстан шекараны межелеу мәселесін келіссөздер негізінде байыпты түрде шешудің жолын қарастырады. 1999 жылы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі үкіметтік комиссия құрылып, осы бағытта біраз жұмыс атқарды. Алайда межелеуден кейін демаркациялау жұмыстарында бірқатар келеңсіздіктер болғанын айтпау мүмкін емес. Мәселен, бұрыннан қазақ, өзбек аралас тұратын Черняевка бақылау-өткізу пунктін екіге бөліп, бетоннан «Берлин қабырғасы» секілді биік дуалдар тұрғызылыпты. Өзбектер «заңсыз саудамен күресеміз» деген сылтаумен осындай «Берлин қабырғаларын» өзге шекаралық аймақтарда да тұрғызып тастаған. Олар тіпті, Тәжікстанмен шекараға мина көміп қойған екен. Былтыр парламент сайлауы қарсаңында «шошқа тұмауын» сылтауратып шекарасын тарс жауып тастағаны бар. Сол өзекеңдер қырғыз елінің азаматтарына қатысты жаңа ереже қабылдады. Бұл бойынша қырғыз азаматтары өзбек жеріне үш айда бір мәрте ғана кіре алады. Айтпақшы, өзбекпен бәленбай мың шақырым шекарасы бар бізді былай қойғанда, құстың ұясындай жерді алып отырған қырғыз-өзбек арасында – 140, ал өзбек-тәжік арасында 700-дей талас аймақ бар екен.

Ой-түйін:

Түбі бір туыс елдің көп мәселелерде басы бірікпеуінің себебін саяси бағытының, қоғамының және экономикасының әркелкі сипатынан іздеу керек сияқты (салыстырмалы кестеге назар аударыңыз). Аймаққа гегемондыққа ұмтылыс игі интеграцияға кедергі келтіріп отырғаны анық. Ұлттық жаңғыру, мәдени өрлеу үрдістеріне және отандық өндіріске қолдау көрсету жағынан өзбектен үлгі алуға арланбауымыз керек. Өзбектің біртоға, қиқар саясатына Қазақстан әзірге сабырлы һәм байсалды саясатпен жауап беріп келеді. Шекара жақты жиі шулататын өзбекке бұл қазақтың арқалы, арыс ұлт екенін көрсетіп қоюды ұмытпау керек сияқты.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста