«Көкемнің қызметтес серіктерін іздеймін»

«Көкемнің қызметтес серіктерін іздеймін»

Сұрапыл соғыстың тауқыметін тартқанның бірі – мына мен. Алла өмір берсе, келесі жылы жетпістің жетеуіне келеді екенмін. Жыл өткен сайын көңілді мұң басып, сағымға айналған сонау бір қиын күндерің еске түседі екен.

НАҒАШЫЛАРЫМНЫҢ ҚОЛЫНДА ӨСТІМ

Соғыстың екінші жылында әкем – Әбдуәлі Бәйдібек ауданында мектеп мұғалімі әрі комсомол комитетінің секратары болып қызмет еткен. Сол жылы анам Ұлжанға үйленіп, отбасын құрғанына үш ай толғанда майданға аттаныпты.
Ана құрсағында қалып, әкем мені, мен әкемді көре алмаппын. Әкемнің 1943 жылдың қаңтарында анама жазған бір хатында өзінің әзірге аман-сау екенін, Отан алдындағы борышын адал атқарып жатқанын, жақын күндері ұрыс майданына шығатынын айта келіп, хатын былай деп аяқтапты.

… «Ұлжан сәулем, мен түсімде сені көрдім. Аман-есен босанып ұл туыпсың. Егер осы түсім расқа шықса, атын «Бегалы» деп қой. Қош, сау болып тұр. Өзіңнің денсаулығыңды күт»… депті.

Көп ұзамай 1943 жылдың 15 наурызында мен дүниеге келіппін де, сүйікті жарының аманатын орындап, анам менің атымды «Бегалы» деп қойғызыпты.

Көп ұзамай әкемнің ұрыс даласында ерлікпен қаза болғаны жөнінде майданнан «қара қағаз» келеді. Міне, сөйтіп анам байғұс 19 жасында жесір қалады.

Ақыры сарғая күткен Жеңіс күні де келіп жетеді. Сол кезде мен үш жасқа аяқ басқан екенмін. Соғыс біткенімен халқымыздың алдында қыруар жұмыс қолы күтіп тұр еді. Сол қайнаған жұмыстың ортасында жүріп анам Ұлжан Байзақ деген кісіге екінші рет тұрмысқа шығады. Мен нағашыларымның қолында қалыппын.

Нағашы апам Күнеш мені бауырына басып, өз баласындай тәрбиелеп өсіріпті. Ол кісінің жары Шылқабай көкем де соғыстан оралмаған екен. Сонымен елдің бәрі мені «Күнештің баласы» десе керек. Апамның менен кіші Шалдарбек деген баласы бар-тын. Мен – аға, ол – іні болып тел қозыдай бірге өстік. Екеуміздің де тегіміз «Шылқабаев» болатын. Неге екенін қайдам, мені ауылда бәрі «Бегежан» деп атайтын. Өзімнің де оған құлағым үйреніп кеткен. Ал туған анамды «Ұлжан әпке» дейтін едім. Міне, сөйтіп уақыт зымырап өте берді.

«Ер айналып елін табар»

Мектепті бітірер жылы күтпеген жерден бір оқиға болмағанда, осылай шындықты білмей жүре берер ме едім.
Ол кезде совхоз орталығындағы С.Ерубаев атындағы орта мектептің оныншы сыныбында оқитынмын. Бір топ бала интернат жанында ойнап жүргенімізде, мектеп директоры Әбдіқадір Бейсеев жанымызға келді. Жанында біз танымайтын бөтен бір кісі бар. Басында шляпа, қалаша әдемі киінген, ұзын бойлы, аққұба, қалың қара қасты, қолында папкасы бар көрікті кісі екен. Екеуі бізге бұрылмай жанымыздан өте берді. Артынша тәрбиеші ағайымыз сыртқа шығып, айналаға көз салды да, бізді көріп:
– Әй, Шылқабаев, — деп мені өзіне шақырып алды да, жүр сені директор шақырып жатыр, — деді.
– Не үшін шақырады? — деп сұрадым мен тәрбиешіден.
– Оны барған соң көрерсің.
Директор тәрбиеші үстелінің жанындағы орындықта әлгі кісімен бірге отыр екен. Алдына келгенімде:
– Ал енді мен саған мына кісіні таныстырайын. Бұл кісі — менің орта мектепте бірге оқыған жолдасым. Қазір Шымкент қаласында тұратын облыстық тұтынушылар Одағының председателі Құндызбай Иманбаев деген ағаң болады,-деді де, сәл ойланып тұрып, «шындығына келгенде бұл кісі сенің жақын туысың» деп қосып қойды.

Сонымен үшеуміз он шақырымдай жердегі менің туып өскен ауылым «Қаратасқа» келдік. Көп ұзамай біздің үйге маған етбауыр жақын адамдардың бәрі жиналды. Амандық-саулық сұрасып болған соң сөзді әлгі бейтаныс қонақ бастады.
Бауыры мені сұрастырып жүріп тапқан жері екен бұл.

Үнсіз тыңдап отырған мені ой үстіне ой биледі. Әлгі кісінің сөздерінен түсінгенімнен түсінбегенім көп сияқты.
– Апа, бұл қалай болғаны сонда? — деп, көзім жасаурай Күнеш апама қарадым мен.
– Айналайын, Бекентай, шындығы осылай болды. Бәрі де соғыстың ылаңы ғой. Бұл тағдырға дауа бар ма? Мына «әпке» деп жүргенің өзіңнің туған анаң Ұлжан, шырағым. Бұл кісі сенің әкеңнің туған ағасының баласы. Яғни сенің бауырың екен.

Ұлжан әпкем бағаналы бері үнсіз тыңдап отыр еді, сыңсып қоя берді.
– Жаным-ау, осылай болар деп ойлаппын ба? Тағдырым солай болды. Қарағым, бөтен жақта қалған жоқсың. Туған нағашыларыңның қолында өзімнің көз алдымда өстің. Талай рет шындықты айтуға оқталсам да, нағашыларыңнан бата алмадым. Солардың көңіліне қарадым. Кей-кейде өзегім өртеніп қала беруші едім, — деп көзінің жасын сүртіп, төмен қарады.

Сөзге Байзақ көкем араласты.
– Қарағым, жағдайды түсінген боларсың? Міне, жігіт болдың. Енді жалғыз емессің, артыңнан ерген інілерің бар. Бір құрсақтан шыққан Бауыржан, Әлімжан, Керімжан, Нұрымжан, Сабыржан — бәрі сенің інілерің. Мені бұрын «көке» деуші едің. Сол «көке» болып қала берейін. Ал өзіңнің туысқандарыңды тауып араласамын десең, әне жол көрсетер Құндызбай ағаң келді. Бұларды да кінәлауға болмайды. Мына үкіметтің қаһарынан қорқып, өздері де бір-бірінен көз жазып қалыпты, — деді.

Қалың қара қасты, үлкен өткір көзді, аққұба өңіне қауға сақалы жарасып-ақ тұратын толықша келген осы кісіні «көке» деп жүргенім рас. Ол кісі маған үнемі мейіріммен қарап, «қарағым», «шырағым» дегеннен өзге көңіл қаларлық сөз айтқан емес еді.

Қорытынды сөзді Құндызбай ағам айтты.
– Бегалы қарағым, сенің осы нағашыларыңның қолында екеніңді сыртыңнан естіп-біліп жүргенбіз. Өзіңді іздеп тауып, туысқандарыңмен табыстырсақ деп жүрген едік. Соның сәті енді келген сияқты. Сенің арғы аталарың дәулетті, көзі қарақты, киелі кісілер болған. Қаншама қуғын-сүргінге ұшыраса да балалары оқып білім алып, бүгінде үлкен-үлкен қызметте істеп жүрген бауырларың бар. Аманшылық болса, бәрімен таныстырамын. Әрине мына нағашыларыңнан, өзіңнің туған анаңнан ажыратпаймыз. Бәрі де сен үшін ең жақын адамдар ғой,-деді.

Менің жанашыр бауырымдай болып кеткен Мәделі тәтем де төбесіне жай түскендей болды-ау деймін.
–Бекентай, айналайын, соңымнан ерген жалғыз тұяғым менің, бізді ұмытпа,-деп құшақтап маңдайымнан сүйді. Менің жүрегім қарс айырылғандай болды. Сонымен келген қонақтар бір шай ішіп болып аттанып кетті.

Осы мәжілістерден кейін менің мінезім күрт өзгеріп сала берді. Тез арада есейіп, ер жетіп кеткен сияқтымын. Шытырман ойдың шырмауында қалғандай сезінемін өзімді. Оңаша қалғанда арғы-бергі жайды ой елегінен өткіздім. Ұлжан менің анам болса, онда Байзақ көкем менің өкіл әкем болғаны ғой. Апыр-ай, бір күнде қалай боп кетті өзі? Бұрын фамилиям Шылқабаев еді, енді Әбдуәлиев болатын болдым, бұрын руым Жаныс еді, енді Сиқым болдым. Бұрын мені Бегежан деуші еді, әлгілер бұдан былай өз атымен «Бегалы» деп атаңдар — деп кетті. Бұның бәрін маған бірден қабылдау оңай бола қоймас, сірә! Әлгінде сыртқа шыққан соң қоштасар сәтте Құндызбай ағам мені құшағына алып, былай деп еді.
–Бегалы қалқам, есің бар жігіт сияқтысың жақсылап ойлан, келешегіңді ойла. Кешегі қан майданда қаза болған әкеңнің орындалмаған арманына сен жетуің керек. Енді мектепті бітіріп аттестатыңды алған соң маған кел. Сен оқуың керек. Мен сенен көмегімді аямаймын, — деп телефон номерін беріп кеткен еді.

Уақыт шіркін тез-ақ өтіп кетеді екен. Міне оқу жылы да аяқталды. Сәтін салып, барлық пәндерді «4», «5» бағамен аяқтап, орта білім туралы аттестат алдым. Екі жыл ауылда құрылыста жұмыс істеп, 1962 жылдың жазында барлық құжаттарымды дайындап алған соң, енді қалайда оқуым керек деген ойға келдім.

Жаны жайсаң жан еді

Қалаға барған соң Сәндіқыз әпкем өзі бастап Құндызбай көкеме алып барды. Құндызбай көкем мені құшағына алып бетімнен сүйді де:
– Бір-екі аптадан соң жоғары оқуға қабылдау емтиханы басталады. Құжаттарды ертерек тапсыруымыз керек. Сен өзің қандай оқуға түскің келеді?
– Білмеймін. Әлі ол жағын ойланып көргенім жоқ. Мүмкін пединститут дұрыс шығар? — дедім мен.
– Өмірге аса қажетті мамандықты таңдағаның дұрыс. Бізде осында технологиялық институттың «ет және сүт өнімдері» факультеті бар. Бүгінгі ауылшаруашылығына нағыз керек мамандық. Сен мақұл десең соған әрекет жасап көрейік, — деді.
Мен үндемедім. Менің үндемегенімді келіскені деген болуы керек:
— Ал енді емтиханға жақсылап дайындал. Әйтсе де бір кісілерге ескертіп айтып қойдым, мүмкін көмегі тиіп қалар. Өзің де оқта-текте институтқа барып кеңес алып тұрсаң болады, — деді.
Көкем кетерінде:
– Бегалы қарағым, қалада жүріп тұрғаныңа керек болады — деп «керегі жоқ» дегеніме қарамай қағазға ораған біраз ақшаны қолыма ұстатып кетті.

Содан емтихан басталғанша институтқа күнде барып тұрдым.
Бір күні кештетіп институттан шығып аялдамаға жақындағанымда, қалың ағаштың тасасынан үш жігіт шыға беріп, маған тарпа бас салды. Біраз төмпештеп, тепкілеп алды да, тыққыштап жүрген бар ақшамды сыпырып әкетті.
Бұл туралы тіс жарып ешкімге ештеме демедім. Әйтсе де мен үшін бұл жерде енді қалудың жөні қалмаған сияқты: жаныңда сырласың, серігің арқа сүйер достарың болмаса, бөтен жерде қиын екен.
Осыдан кейін нілдей бұзылып, бұл институтқа емтихан тапсырудан бас тарттым. Құндызбай көкем мен Сәндіқыз әпкем екеуі қаншама үгіттесе де, көнбей қойдым. Ақыры пединститутқа «қазақ тілі мен әдебиеті» факультетіне өзімше сырттай оқуға түсіп, күзге қарай Құндызбай көкеме де, Сәндіқыз әпкеме де бірауыз ескертпей, жөнімді де айтпай әскерге аттанып кете бардым.
Кейін ойлап қарасам мұным үлкен қателік болған екен. Сонда мен неліктен бұлай еттім? «Кімге өкпеледім» десейші. Түсінсем бұйырмасын. «Бір ерден қалған бір тұяқ» деп бауырмалдық жасап, жанашырлық танытқан, соншама бәйек болып қамқорлығын аямаған бауырларымнан қалайша өзімді алыстаттым екен? Менің бұл ісім бұрыс болды. Шын ниетімен маған жанашырлық танытқандарды кеудеден итергендей болдым-ау.
Міне осыдан кейін Беларусь жерінде, Брест қамалының маңында үш жылдай әскер қатарында қызмет етіп елге келсем, Құндызбай көкем Торғай облысына қызметін ауыстырыпты. Анам Ұлжан да дүние салыпты. Сөйтіп мен ең қымбат адамдарымнан осылай көз жазып қалдым.
Институтты бітіріп, мұғалім болдым. Үйленіп, отбасын құрдым. Өмірге перзенттерім келді. Жас отбасының тіршілік тауқыметі әрине оңай болған жоқ. Қатарластарымыздан қалыспайық деп жұбайымыз екеуміз аянбай еңбек еттік.
Осындай қарбалас тіршілік қамымен туысқандарыммен табысармын деген ойым кейінге ысырыла берді. Дегенмен, Шымкентте тұратын әкемнің қарындасы Сәндіқыз әпкемнен туысқандарым жайлы хабар алып тұратынмын.
Естуімше, Құндызбай көкем Торғай облысынан кейін біраз жылдар Қызылорда облыстық партия комитетінің жауапты қызметін атқарып, одан Жамбыл облыстық тұтынушылар Одағының председателі болып ауысыпты.

1978 жылдың күзі

Бір күні Сәндіқыз әпкем: «Құндызбай ағаң Мәскеудегі үлкен емханада қаралып, ауыр науқастан ота жасау үстінде қайтыс болыпты. Мәйітін ұшақпен үйіне әкеле жатыр екен. Тез жетіңдер», — деп біреуден хабар айтып жіберіпті.

Жолдасым Қыздығой екеуміз тез жолға шықтық. Сәндіқыз әпкелерге ілесіп Тараз қаласына барсақ, аза тұтушылардың бәрі облыстық тұтынушылар Одағы басқармасының ғимаратына жиналыпты. Жиналған халықта есеп жоқ. Қаралы митинг басталып кетті. Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Ш.Бектұрғанов бастаған облыстық партия комитетінің бюро мүшелері мен халық депутаттары облыстық Совет атқару комитетінің мүшелері, қызметтегі серіктестері митингіде сөз сөйлеп, қимай қоштасып жатты.

1978 жылы аяулы ағамызды 47 жасында жер қойнына тапсырдық.

Жоғары мәдениетті, үлкен жүректі, көңілі таза Құндызбай ағамнан осылай айырылып қала бердім.
Құндызбай көкемнің артында Рахима, Зухра деген қыздары мен Алтай деген ұлы қалды. Елдің айтуынша, бұлар әке тәрбиесін көрген, анасы Фаядан үлгі алған парасатты жандар боп өсіпті. Немерелері мен шөберелері бар. Өкінішке қарай, 2014 жылы ұлы Алтай да жол апатына ұшырап, оқыстан қаза болды.

Құрметті оқырман, Арда азаматтың есімі ел есінде қалса екен. Осы естелігімді жазуымның себебін айтайын енді. Жақында қаланың басқа бір жеріне қоныс аударып жүріп, үйдің бір қалтарысынан әйелдердің ескі бір қол сөмкесін тауып алдым. Ішіндегі көп қалтасының бірінен қыртысталып, бүктелген газет қиындысы көзіме түскені.

Оқысам, 1978 жылы 21 қарашадағы Жамбыл облыстық газетінде (газеттің атын біле алмадым) Құндызбай Иманбаевтың қазасы туралы жарияланған азанама екен. Апыр-ай, 42 жылдан бері сақталған бұл қиындыны қалай көрмегенбіз. Сонымен азанаманы оқысам, Құндызбай көкемнің суреті басылып, тіршіліктегі атқарған қызметі, оның азаматтық келбеті, бар болмысы жайлы қызметтегі серіктестері көңіл білдіріпті. Соңына Жамбыл обкомының бірінші хатшысы

Х.Ш.Бектұрғановтан бастап обкомның бюро мүшелерімен Халық депутаты облыстық Совет атқару комитетінің мүшелері, т.б лауазымды тұлғалардың аты-жөні жазылыпты.

Азанамада Қ.Иманбаев 1962-1973 жылдары Шымкент облыстық тұтынушылар Одағының председателі болып қызмет етті делінген. Ендеше, сол кездегі қызметтегі серіктестері, тіршілікте тұздас-дәмдес болған замандастары арамызда жүрген шығар?

Егер бар болса, Құндызбай Иманбаев туралы естеліктеріңізді көпшілік назарына ұсынсаңыздар екен. Ойға-ой қоса отырып, арда азаматтың есімін қаламыздағы бір көшеге, не мектепке атын бергізсек, кейінгі ұрпаққа өнеге болар еді.

Иманәлі Бегалы Әбдуәліұлы,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Бәйдібек ауданының
Құрметті азаматы, жазушы

Тел: 8 701 348 35 32, 8 747 473 05 30 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста