Қазақстанда қандай емдік шөптер өседі. Оларды ажырата аласыз ба?

Қазақстанда қандай емдік шөптер өседі. Оларды ажырата аласыз ба?

Елімізде 760 эндемик өсімдік пен бес жүзге жуық емдік шөп бар. Олар толығымен әлі зерттелген жоқ. Дәрілік өсімдіктер қашан жиналып, қалай сақталады?
Ақын Кенен Әзірбаев "Шөп аттары" деген өлеңінде малдардың құмарта жейтін алпысқа жуық шөптерінің атын атап, түсін түстейді.

"Күйреуік пен бұйырғын,

Жеген малға көп жұғым.

Қойға өте құнарлы,

Көтере алмас құйрығын, – дейді. Шаруашылықта, қорада, қолда жем-шөппен өскен мен далада еркін жайылған мал етінің дәмі өзгеше. Сондықтан қазақ төрт түлікке жұғымды шөптерді талғап берген.

Оқи отырыңыз: Малдың тұяғы, құстың тұмсығымен тараған

Қазақ шөпті буын санымен есептеген
– Бір буын мен үш буын арасындағы шөп – көктемгі балауса шөп. Бұл шөптерге ерте көктейтін тақырдағы отынды жатқызады. Ол шөпті малшылар жаз жайлауға көшкенде төрт түлікке жегізеді. Әйтсе де, бұл балауса шөптердің өмірі қысқа. Олар шілдеде жеткілікті ылғал болмағандықтан, шақырайған күн көзіне шыдай алмай күйіп кетеді.

Бес буын мен жеті буын арасындағы шөп – жайлаудың шүйгіні. Бұл шөпті мал сүйіп жейтіндіктен "жаз оты" деп атаған. Оның тамырына көктемде еріген қар мен шамасына қарай жауған жауын-шашын ылғал беріп отырады. Бұл шөпті талғап жеген төрт түлік күйлі, әрі семіз болады. Соған орай "Үркер туса, сорпа ас болады" немесе "Үркер көтерілгенде шөп те көтеріледі, бидай да бас тартады" деген сөз қалыптасқан.

Жеті буын мен тоғыз буын арасындағы шөп – күзеудің қара оты. Шілдеде күйіп кетпей аман қалған бұл шөп күздің қарсаңында әбден пісіп, барлық құнары дәніне жиналады.

Тоғыз бен он екі буын арасындағы шөптерге ащы және бұталы өсімдіктер жатқан. Мысалы, қопаның қалың нуы, саздың қамыс-құрағы және ойдың қара сорасы. Олардың тамыры тереңде болғандықтан, қара күзде немесе қыс басында пісіп, жетіледі, – дейді филология ғылымдарының кандидаты Гүлсінай Исаева.

Оқи отырыңыз: Жылыжай салып, көкөніс өсіремін десеңіз...

Малдардың жердегі көкті талғайтын "түйсігі" бар
Ешкі тау-тасқа секіріп, қойдың алдында жүреді. 500 түрден аса шөптің басын шалып, таңдап жейді екен. Ешкі сүтінің құрамында бета-казеин мол болуына байланысты, ана сүтіне жақын.

"Сиырдың сүті – тілінде" деп те бекер айтылмаса керек. Сүттің мол, майлылығы жоғары болуы жеген азығына байланысты.

Құмда, шөлде жүретін жануарлар шырынды өсімдіктермен қоректенетіндіктен, сулы жерлерден алыс аймақтарда тіршілік ете береді.

Өрісте жүрген түйе қырықтан астам түрлі шөптесін, бұта мен ағаштың жапырақтарын, сабақтарын немесе тамырларын жейді. Ал қой шөпті түбінен үзеді.

Кейде малдардың шөптен шатасып, улысын жеп қоятын кездер де болады. Мысалы, сораң шөпті түйе мен қой жақсы жегенімен, жылқыға азық болмайды. Осы шөпті жеген жылқының қарны кеуіп, ас қорытуға қатысатын асқазанындағы қызыл құрты түсе бастайды. Сол себепті жылқыларды ойпаң жерге емес, қырға жаяды.

Сонымен қатар меңдуананы жеп қойған мал басын бұлғай береді, бұлғай береді. Сөйтіп, есі ауысып, зорығып өледі. Ал "у қорғасын" шөбіне ауыз салғандарының көз, құлақ, мұрнынан қан кетеді.

Жануарлар ауырған кезде шөптерді жейді
Дәрілік өсімдіктер туралы толығырақ білу үшін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті экология кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сатыбалдиевамен тілдестік.

– Мысықтар мен иттердің шөп жегенін көрдіңіз бе? Олар ауырған кезде астық тұқымдастардың жапырақтарын жейді. Десе де бұлардың емдік қасиеттері әлі толық зерттелмеген.

Маралдар мен сібір бұғылары мақсыр маралтамыр (рапонтикум) арқылы өздерінің күштерін қалпына келтіріп отырған. Бурят аңшыларының айтуы бойынша, жараланған бұғылар қызыл қалампырды (гвоздика) жейді екен. Бұл өсімдік жергілікті тұрғындарға қан түзуші өсімдік ретінде белгілі. Араб аңызында кофе ағашы жемісінің бұтақтарын ешкілердің жегенін шопан байқаған. Егер біз жануарларды бақылайтын болсақ, бізге беймәлім дәрілік өсімдіктерді анықтар едік. Мәліметтер ғылыми тексеруден кейін дәлелденіп жатса, жануарлардың мінез-құлқын түсінуге болар еді, – дейді Гүлмира Сатыбалдиева.

Дәрі – шөптен шығады, дана – көптен шығады
– Кейбір Азия мемлекеттерінде, Қытай, Жапония, Үндістанда заманауи медицина жетістіктерімен қатар халық емшілерінің емдерін кеңінен қолданады. Мысалы, Жапонияда 1974 жылдан 1989 жылға дейінгі 15 жылдың ішінде фармацевтикалық жолмен алынған дәрілерді сатып алу 2,6 есе өскен. Ал табиғи жолмен алынғаны 15 есе өсті. Осындай көрсеткіштерді ескерген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрілік өсімдіктермен жұмыс істеудің нұсқаулығын жасады.

Ресейде бұрыннан белгілі 2000 дәрілік өсімдіктің 500 түріне ғана толық фитохимиялық талдау жасалған. Осыдан кейін біздің елдегі жағдай айтпаса да түсінікті. Дәрілік өсімдіктердің бір бөлігі арнайы өсіріліп, механикалық тәсілмен жинайтын шаруашылықтардан алынады.

Итмұрын жидектерінде С дәруменінен басқа каротин, В2, К, Р дәрумендері, қанттар, органикалық қышқылдар болады. Тіпті таза аскорбин қышқылы итмұрын жидектерінен жасалған сығындыны толық алмастыра алмайды, – дейді ол.

Дәрілік өсімдіктерді іздеу үшін білім керек
– Олардың географиялық өсу аймақтарын білу керек. Мысалы, аюқұлақты далалық аймақтан іздеуге болмайды. Себебі, олар ол жақта өспейді. Тек орманнан кездестіре аласыз.

Өсімдіктерді жинайтын немесе қазатын болса:

Гүлдеу уақытына;
Жеміс беруіне;
Жылу сүйгіштігіне;
Ылғалға;
Топырақтың құрамына;
Өсу жағдайына мән береді, – дейді Гүлмира Сатыбалдиева.
Жылдың әр мезгілінде шөптердің емдік қасиеті әртүрлі
Дәрумендердің мөлшері:

Гүлдеу мен жеміс берудің бастапқы кезеңінде жапырақ пен сабақтарында;
Толық пісіп жетілген кезде, жемісінде;
Күз келгенде, өсімдіктің жер үстіндегі бөлігі солып қалғанда тамырында көп болады.
Емдік шөптерді қалай жинайды?
Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажы сырқаттанып қалғанда, найманның қыржы руынан шыққан Ырғызбай емші Досқанұлы дәрілік өсімдіктермен емдеп, құлантаза сауықтырып алыпты. Шөптерді жаз, күз айларында, әбден толысып-жетілген шағында жинайтын көрінеді. Бір шөпті таңғы шық кеппей тұрып жинау қажет болса, екіншісін тек күн сәскеден ауғанда терген.

Шіліңгір ыстықта өсімдікті тамырынан ажырату оның емдік қуатын әлсіретеді. Ырғызбай емші өсімдіктердің шипалы тамырларын жаңбырдан кейін, қараңғы түсе жұлып жинап, күн сәулесі түспейтін көлеңкеде кептіріп, дайындаған. Кейбір шөптер мен тамырлар араласып кептірілсе, сақталса күш-қуатын жоғалтады екен.

Биология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлмира Сатыбалдиева өсімдік құрамындағы дәрілік заттар көп болуы үшін оны жинау ережесін білген дұрыс екенін айтады.

– Шөптесін өсімдіктерді жинаған кезде жер үсті бөлігін гүлімен қосып, төменгі жапырақ жағын орақпен орып алады. Кейбір биік өсімдіктерді жинағанда гүлдейтін жоғары жақтарын кесіп алады немесе сабағын сындырып алады. Жапырағы жоқ жуан сабақтарын алудың қажеті жоқ. Себебі оларда шипалық қасиеті бар заттар өте аз. Егер жинайтын өсімдікте сабағы көп болса, оны кептіріп болған соң, жапырағы жоқ сабақтарды тастайды. Мұндай әдісті көбінесе жұпаргүлге, түйежоңышқаға т.б. қолданады.

Кейбір дәрі-дәрмектер тек "гүлдерден" ғана жасалады. Оларды тек қолмен жинайды. Тамырын, тамырсабағын күзде немесе жаздың соңында өсімдік гүлдеп болған соң қазып алады. Бірақ, жинау уақытын созып жіберуге болмайды. Себебі, жапырағы мен жемісі түсіп біткенде, өсімдікті тану қиынға соғады. Әрине, өсімдікті жинаудың нақты күнтізбесі географиялық аймақтың ауа-райына байланысты.

Мысалы, зиренің жемісі оңай шашылатын болғандықтан, тұқымдарын шық кеппей тұрғанда, таңертең жинайды. Ал жер үстіндегісін шық кепкеннен кейін жинайды, – дейді Гүлмира Сатыбалдиева.

Бес мың жыл бұрын зирені дәмдеуіш ретінде тамаққа қосқан / superseeds.com сайтынан алынды
 
Шөптерді кептіргенде неге мән беріледі?
– Ең бастысы өсімдіктің жапырағын, шөбін, гүлін күнге кептіруге болмайды. Күн түскен кезде ол өзінің бойындағы дәрумендерінен айырылады. Кептірудің ең қолайлы әдісі – шатыр астында құрғақ желдету. Яғни, бөлме ішіне желдеткіш қойып, ғимараттың терезесін ашуға да болады. Кептіру кезінде тамырларды күніне кетпенмен немесе күрекпен бірнеше рет аударып отыру керек. Ауа-райы қолайсыз болған кезде өсімдікті арнайы пеште кептіруге болады. Пеш жағылғаннан кейін 2-3 сағаттан соң кептірмесе, шөп күйіп кетуі мүмкін. Пештегі температура 80-90°С болу керек. Бірақ, жапырақты, гүлді пеште сирек кептіреді. Әр шөптің жарамдылық мерзімі бар. Олар уақыт өткен сайын қасиеттерін жоғалтады, – дейді ол.

Ескеретін нәрсе: шаң басқан, әртүрлі жәндіктермен жарақаттанған, саңырауқұлақтармен ауырған дәрілік өсімдіктерді жинауға болмайды.

Қазақ жерінде кездесетін эндемиктердің бірқатарына тоқталуды жөн көрдік. Соның бірі – сұңғыла.

Эндемик (грек. endemos – жергілікті) – жер шарының шағын аймақтарына ғана таралған өсімдіктер мен жануарлар.

Эндемик ұғымы түр, туыс, тұқымдас, т.б. жүйелік топтарды қамтиды. Эндемиктік түрлердің пайда болуы мен дамуына оқшаулану, климаттық, т.б. сыртқы орта жағдайлары және биотик. факторлар әсер етеді. Мысалы, Әулие Елена аралында кездесетін өсімдік түрінің 85%-ы Кавказ тауының өсімдіктерінің 20%-ын құрайды.

Қазақстанда өсімдіктердің 730-дан астам түрі эндемикке жатады. Олардың 175 түрі далалық алқаптарда, ал 540-570 түрі таулы өңірлерде таралған. Тек Қазақстанның оңтүстігінде өсетін өсімдіктердің 165-170-тей түрі эндемиктер болып саналады. Мысалы: Қаратау қауы, Қаратау маралтамыры, Іле ұшқаты, Алатау бөдене шөбі, Бетпақдала сылдыр шөбі, Қарқаралы бөріқарақаты, Тарбағатай кемпір шөбі, т.б.
Сұңғыланы кейде "қасқыржем" деп атайды
Өйткені, оған қасқыр үйір екен. "Құралайдың салқыны" болған кезде түз тағысының мойылды жейтінін де айта кеткен жөн. Сондай-ақ, тасбақа мен кірпі және қарсақ сұңғыланың тамырын қазып, кеміретін көрінеді. Ол Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында, ОҚО, Созақ ауданының Бетпақдаламен шектесетін жерлерінде өседі. Сұңғыла Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында да кездеседі. Құм арасындағы сексеуіл, жүзгін, қауынның тамырына сүйеніп, бойындағы нәрлі дүниелерді тартып алады.

Бұл өсімдікте фотосинтез құрылымы жоқ болғандықтан, хлорофил болмайды. Сондықтан сұңғыла жер астынан нәр алу үшін тамыры ұзын келеді. Оның жер бетіндегі діңінің биіктігі 40-50 сантиметрден аспайды. Ал құм астындағы тамырының ұзындығы 1,2 метрге дейін барады.

Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінің арасында орналасқан Алтынемелдегі сұңғыла / silkadv.com сайтынан алынды
 
Аптап ыстықта бүр жаратын емдік гүлдің тамыры Қытайға кетіп жатыр
Кейбір ғалымдардың зерттеулері бойынша, сұңғыла айналасындағы шөптердің нәрін сорып алып қоректенетіндіктен, оны арамшөптердің қатарына жатқызады. Жергілікті халық бұл өсімдіктің тамырын қазып алып, алыпсатарларға өткізіп жатқаны жөнінде БАҚ өкілдері жарыса жазған еді.

Ал шекара асып келгендер еліміздің заңдарын жата-жастана жаттап алған. Өздері термейді, жергілікті жұртқа жинатады. 2006 жылы сұңғыла тамырының бір келісі 15 теңгеге бағаланған. 2013 жылдан бері 110 теңгеге сатылып келеді.

Жамбыл облыстық мәслихатының 2005 жылғы 15 желтоқсандағы "Облыс бойынша орман пайдаланудың кейбір түрлері үшін төлем ставкаларын бекіту туралы" №12-5 шешімі шыққан болатын. Онда облыс аумағында орманды жанама пайдалану үшін дәрілік шөптерді, техникалық шикізатты және орманның тағамдық өнімдерін дайындауда төлем мөлшері бекітілген.

Бірақ, шекара асып келген шетелдіктердің белгілеген бағасы үстемдік құрып тұр. Сұңғыла Қытай медицинасында екі мың жылдан бері белгілі. Оны дәрі ретінде пайдаланбайды, косметика құрамына, биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ) қосады.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін жеке кәсіпкер Серғазы Қылышбаевтың Мойынқұм ауданынан шағын цех ашып, сұңғыла емдік шайын шығарып жүргенін айта кеткен жөн.

Бұл шайды Астанадағы медицина академиясы ғалымдары зерттеп көргенде, антиоксидант ретінде сергектік беру көрсеткіштері жөнінен көк шайдан 10 есе артық болып шығыпты. Серғазы Қылышбаев болашақта жантақ, мия, дүзгеннен дәруменді зат алғысы келеді.

Сұңғыла 30-40 жылда бір тұқым беретін сексеуіл ағашының тамырындағы нәрмен қоректенеді / tearoad.ru сайтынан алынды
 
Сұңғыланың ғылыми атауы – цистанхе
Латынша – Cistanche. Көктемде тез бой көтеріп, ал жаз шыға бере сабағы қурап қалады. Өсімдіктің жапырақтарында сөлдің, тіршілік иелеріне қажет дәруменнің болғанынан құмырсқа, шыбын-шіркей өріп жүр.

Сәуірдің ортасында гүлдей бастаған кезде, ауыл тұрғындары осы өсімдікті іздестіре бастайды. 10-15 күн ішінде теріп үлгеріп қалуға тырысады.

Олардан сатып алынған шикізаттың артық-кемі кесіліп, жонылғаннан кейін әк төселген төсенішке жаяды. Әк шыбын-шіркей мен құрт-құмырсқа жоламас үшін қажет. Содан кейін тамырларды тазалап жуып, кептіреді.

Орта есеппен бір маусымда 4,5 тонна сұңғыла жиналса, құрғатылғанда шамамен 700-800 келіге семеді. Бір қызығы, қазылған жерде тарамыстай жұқанасы қалса, жер бетіне қайтадан тырмысып шыға келеді.

Шығыс медицинасында емдік қасиетімен ертеден бері белгілі екен. Ықылым заманда-ақ, бұл гүлдің тамырын адамдардың бүйрегі мен қуығына суық тигенде пайдаланған екен. Яғни, емшілер мұны цистит және пелионефритке қарсы қолданған.

Сонымен қатар ми мен денені байланыстырып, қимыл-қозғалысқа келтіретін жүйке жүйесін барлық зиянды факторлардан қорғайды. Бүйрек ауырғанда, еркектің бел қуатынан айырылғанда пайдаланады. Сондықтан оны сатып алып кетуге ынтыққандар көп.

Қызылмияның қадірін жойылғанда білмейік!
2013 жылдан бері Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындары қызылмия шөбін аяусыз отап жатқаны жөнінде дабыл қағылып келеді. Оны кейде "жалаң мия" деп те атайды.

Жан-жануар аузына салмайтын ащылы-сортаң "есекмиямен" шатасып кетпеңіз. Ол басқа. Қызылмияның жапырағы мен сабағын қой малы сүйсініп жейді. Ол сұңғыла сияқты құмда емес, Жайық, Шу, Іле, Сырдария өзенінің жағаларында, жер асты сулары жақын тоғайларда өседі.

Міне, осы қызылмияны қолмен қазбай-ақ, алып тракторлармен жердің астын қопарып жатқаны жөнінде де ғалымдар шулады. Тамырынан жұлынғаннан соң, қайта қалпына келу үшін жүздеген жыл қажет екен. Мияның тамырын жинау ісі бойынша әкімшіліктен рұқсат қағаз алынбаса, кез келген терімші заң алдында жауап береді.

"Алтын тамырмен" тибеттіктер құрт ауруын емдеген
– Қызылмия мамыр-маусым айларында гүлдесе, тамыз-қыркүйекте жемістері піседі. Тамырларын қыркүйек-қазан айларында немесе сәуірде күрекпен қазып алады. Бітік өскен болса, тракторды пайдаланады. Тамыры мен тамырсабағынан ұнтақ, құрғақ және сұйық сығынды алынады. Оның емдік қасиеті:

Қақырық түсіреді;
Іш жүргізетін тыныс жолдары ауруын бәсеңдетеді;
Суық тигенге қарсы пайдаланылады;
Тыныс жолдары қабынғанын ретке келтіреді;
Аллергиялық тері ауруларына ем.
Қызыл миядан жасалатын глицирренат дәрісі гинекологиялық ауруларды емдеуге ұсынылады. Ал халкорин дәрісін асқазан мен бауыры ауыратындар ішеді. Ликвиритон және флакарбон қышқылы гастрит, асқазанның және тоқ ішектің жарасына суық тигенге, құрысуларды емдеуге қолданылады.

V ғасырда өмір сүрген атақты тарихшы Геродот мия тамырының біршама сырқатқа ем болатынын дөп басып, жазып кеткен екен. Ол өзінің 9 томнан тұратын әйгілі "Тарихының" бірнеше жерінде осы тақырыпқа қайта оралып отырған. Гиппократ "алтын тамыр" атаған қызылмияның емдік қасиеті осыдан 5 мың жыл бұрын белгілі болған, – дейді биология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлмира Сатыбалдиева.

Батыс Еуропа медицинасында семіздіктен арылу үшін қоспаларға қызылмияны қосады / ezoport.ru сайтынан алынды
 
Қызыл мия жойылу алдында тұр
ОҚО, Түркістан қаласындағы "Жайылма" қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Октябрь Сүйінбаевтың айтуынша, қызыл мияның нарықтағы бір келісі шамамен 3600 теңге. Оны заңсыз теруге қарсы 2016 жылы "Нұр Отан" партиясының филиалы, ішкі істер басқармасы, қалалық әкімдік пен "Жайылма" қоғамдық бірлестігі арнайы меморандумға қол қойған еді. Талай рет рейдтер ұйымдастырылған. Бірақ нәтиже аз.

– Сол кезде осы өсімдікті толтырып алған 12 үлкен ауыр жүк көлігін ұстадық. Әрине, ұсталғандары тек алты сағатқа көліктер тұрағына жіберілді. Бірақ содан кейін белгісіз себептермен бұл көліктер шығып кетеді. Оған ешкім ештеңе айта алмайды. Ал меморандумда "арнайы рұқсаты барлар ғана келісіне жергілікті билік бекіткен төлемді төлеп тере алады" деген сөз бар, – дейді Октябрь Сүйінбаев.

Қызылмия тамырын қалай пайдалануға болады?
Фитотерапевт Владимир Коротков ересек балаларға шай түрінде ішуге және мияның кішкене бөлігін сағыз қылып шайнауға болатынын айтады.

Мия тамырынан жасалынған шәрбатті, шәйді, қайнатпаны балаларға олардың салмақтарына қарап қолдану қажет. Мысалы:

20-30 кг – ⅓ бөлігі;

30-35 кг – ½ бөлігі;

35-45 кг – ⅔ бөлігі.

Балалар қызыл мияны күніне бір рет қана пайдалану керек. Ал кішкентай балалар мен жүкті әйелдерге мүлдем қолдануға болмайды. Қан қысымы жоғары болғандарға да.

Тұнбаларын қалай дайындау керектігін төменде көрсетілген сілтеме арқылы біле аласыз.

Ілияс Жансүгіровтың "Жер түгі" өлеңіндегі – қымыздық
Ол өзінің "Жетісу суреттері" өлеңдер топтамасында шөптер мен ағаштың 81 түріне тоқталып, аттарын атап кеткен."Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге,

Ат қойған тау елінде сүйіп шын-ақ", – дегендегі қымыздыққа тоқталғымыз келіп отыр.

– Қымыздық Батыс Қазақстанның тау қыраттарында, Тобыл, Есіл, Ертіс өзендерінің бойында, Семей, Көкшетау, Ақтөбе, Мұғалжар, Торғай, Батыс Сарыарқада, Қарқаралы, Зайсан, Алтайда кездеседі. Ол тамыз-қыркүйек айларында немесе сәуір-мамырда өсе бастайды. Сол кезде абайлап, күрекпен тамырын, тамырсабағын қазып алып, топырақтан тазартады. Сабақтарын жапырақтарынан кесіп, ағын суда жуады. Жуан тамырсабағын ұзыннан, ал ұзынын көлденеңінен кесіп бөледі. Шикізатты көлеңкеде де, күн көзінде де кептіруге болады. Жаңбырлы күндерде қазып алғаннан соң жуады, температурасы 50-60°С қызумен кептіріледі.

Шикізатты сақтау мерзімі – үш жыл, – дейді Гүлмира Сатыбалдиева.

Қымыздықтың жапырағында қышқыл дәмді калий тұзы, ақуыз, темір және өте көп мөлшерде С витамині бар / bilim-all.kz сайтынан алынды
 
Қымыздықтың тамыры, тамырсабағы, жемісі, гүл шоғыры да пайдалы
– Кез-келген дәріні, шөпті пайдаланар алдында мұқият болған жөн. Кейбір дәрілік өсімдіктер біреуге әсер еткенімен, енді біріне аллергия беруі мүмкін. Тоқ ішек пен ащы ішек қабынғанда, геморрой болғанда қымыздықтың тамыры мен тамырсабағын ұнтақтап, қайнатпа дайындалады.

Тұнбасы мен сығындысы ауыз қуысының ойылуы (стоматит), тамақ ауырғанда (ангина) беріледі. Жапырақтарын жараларға, сыздауыққа, іріңге, тіпті күйікке жапсырады. Бөртпе мен қышымаларға да пайдалы.

Халық емінде іріңдеген жараларды емдеу үшін, қанды тоқтату үшін жемісін қайнатпа ретінде әзірлейді. Гүл шоғырының қайнатпасы іш өткенде, дизентрияда, асқазан ауруларында пайдаланады. Байқап тұрғаныңыздай, қымыздықтың әрбір бөлігінің денсаулыққа пайдасы бар.

Оның жапырағын бәлішке салма ретінде де, салатқа да қосады. Сусын ретінде қайнатып, ішсе болады, – дейді Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің экология кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сатыбалдиева.

Емдік шөптер: білгенге – ем, білмегенге – у
Шөптерден дәрі қалай жасалады?Біріншіден, дәрілік өсімдіктердің таралған мекенін анықтап, білу керек.

Екіншіден, емдік қасиеті жоқ өсімдіктерден ажырату үшін сырт пішіні мен құрылысы егжей-тегжейлі зерттеледі. Өсімдік кептірілген және майдаланған ұнтақ түрінде болса, құрылысын тек микроскоп арқылы анықтауға тура келеді.

Үшіншіден, шөптерден алынған шикізатты фармакология ғылымының өкілдері зерттейді. Бұл тұстағы фармакология дегеніміз – өсімдіктерден химиялық жолмен алынған дәрілік заттардың жануарлар мен адам ағзасына әсерін зерттейтін ғылым. Зерттеу нәтижесінде өсімдіктің улылығының қандай дәрежеде, қанша мөлшерде екені анықталады.

Төртіншіден, зерттеулер аяқталып, негізгі қасиеттері анықталған соң, сараптамаға жіберіледі. Алынған барлық нәтижелері бойынша басқа дәрілермен салыстырады.

Бесіншіден, бұл препаратты денсаулық сақтау министрлігі бекіткен соң, химико-фармацевтикалық зауыттарға дәріні дайындау туралы тапсырма беріледі.

Алтыншыдан, фармацевтер мен химиктердің зерттеулерінен кейін, емдік қасиеті анықталды емес пе? "Бұл шикізатты лабораторияда бөліп алып, құрылысын өзгертіп, жақсартуға бола ма екен?" деген сұрақ зерттеушілерді алаңдатты. Осыдан кейін табиғатта бұрын соңды болмаған дәрі ойлап табады. Олардың әсерін жануарларға зерттеп көреді. Қазіргі кезде осының барлығы әлемнің көптеген зертханаларында жүзеге асады.

"Емдік рецепттер энциклопедиясы: қазақ емінің рецепттері мен Тибет медицинасының негіздері" кітабының авторы Сейітқамза Қалиевтің айтуынша, өсімдіктің қасиетін білсең ғана қолдануға болады. Себебі, ол білгенге – ем, білмегенге – у болуы мүмкін.

informburo.kz
 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста