Қазанның 26-сы – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні!
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти:
Құрметті мұсылман бауырлар!
Мінекей, Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы – Құрбан айт күндеріне де жеттік. Алла тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастарқан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелгей!
Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындауға мүмкіндік алады. Асылы, «құрбан» сөзі де араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.
Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, қабыл болсын деу арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседі. Мерекенің алғашқы күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, қош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға жылы жүзбен сәлемдесу, құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңе жемей, оған бара жатқанда тәкбір айту (Алланы ұлықтау, мадақтау) – хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті.
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Олай болмаған жағдайда ол ниет садақа саналады. Құрбандыққа қандай малдар шалуға болады? Тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Бірігіп құрбан шалуға бола ма? Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатыны сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді. Құрбандыққа қандай малдар жарамайды? Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды», – деген.
Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады.
Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды. Өйткені Алла тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.
Дәл осы күні балаларды жаңа киім, тәттілер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырсақ, Құрбан айтты олар да асыға күтетін болады.
Бір-бірімізге сыйлық жасаумен, кешірумен, мейірімділік танытумен, қонаққа шақырумен мұсылмандар мерекесінің мерейі үстем болып, сәні арта түспек.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы мүбарак мерекені биік деңгейде өткізу мақсатында бірқатар игілікті іс-шараларды ұйымдастырмақ. Жуырда аймақтағы өкіл имамдарға Құрбан айттың құрметіне, яғни мереке күні мешіттеріміздің ауласына, асханаларына арнайы дастарқан жайып, келген қонақтарға құрмет көрсетуге, мерекелік тәлімі мол, ғибратты рухани кештер ұйымдастыруға, тұрмысы төмен отбасыларға, жетімдер, ардагерлер мен мүгедектер үйлеріне құрбандық етін таратуға, бұқаралық ақпарат құралдары жетекшілеріне, зиялы қауым өкілдеріне, мемлекеттік мекеме басшыларына Құрбан айтпен құттықтау хаттарын жіберуге, айт қарсаңында арнайы баспасөз мәслихатын өткізуге, жергілікті билік орындарымен ақылдаса отырып, мешіт ауласына, көшелерге ұлық мерекемен құттықтау баннерлерін, плакаттарын, билбордтарын ілуге, уағыздарда мұсылмандар арасында ішкі саяси тұрақтылықты нығайту, отансүйгіштік, бейбітшілік пен келісім мәселесіне мән беруге пәрмен бердім.
Құрметті мұсылман бауырлар мен отандастар!
Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Әрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей!
Жаратушы иеміз сүйікті Қазақстанымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауызбірлігін арттыра бергей!