Қытай мұрағаттарында қазақ хандарының 150-ден астам хаттары сақталған
Қытай мұрағаттарында Қазақ хандығының 150-ден астам хаты сақталған. Тарихи құжаттар арасында қазақ хандары мен сұлтандарының Цин империясының монархтарына жазған хаттары табылған
Қытай мұрағатында сақталған басты олжалардың бірі – Қанқожа сұлтанның Тарбағатай ауданының әкіміне жазған хаты. Шағатай тілінде жазылған хат 1790 жылы жазылған және сұлтанның жеке мөрі бар. Тарихшы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы Абылай ханның қазақ хандары мен сұлтандарының ішінде 1757 жылы Қытай билеушілеріне хат жазған алғашқысы екенін айтады. Оның хаты Цин императоры Цяньлунға арналған. Хатта Абылай хан қытайлық әріптесін екіжақты қарым-қатынастың басталуымен құттықтайды. Сонымен қатар хат алмасуда хан мен император елшілерді тағайындау және лауазымдарды бекіту мәселелері бойынша кеңеседі. Табылған құжаттарға сәйкес, кейбір жағдайларда Қытайдан түрлі ауруларға қарсы сирек кездесетін дәрілер сұралған. Тарихшылар бұл хаттар Қазақ хандығы мен Цин империясы арасындағы достық қарым-қатынасты көрсететінін атап өтеді.
Абылай ханның хаттарын жапон тарихшысы Онума Тахакиро тапқан. 2006 жылы ол Токионың ірі басылымдарының бірінде жарияланған мақаласында осы тақырыпты қозғады. Қытай мұрағатында жұмыс істеуге рұқсат алған жалғыз қазақ Еркін Ауғали болды. Ол қазақ хандары мен сұлтандарының Цин империясының монархтарына жазған хаттарымен алғаш танысып, шағатай тілінен аударған. Айта кетейік, Қытай тарапы Абылай ханның екі хатын Қазақ еліне табыс етті.
Бұған дейін ғалымдар Ватиканда 16 ғасырдағы Қазақ хандығының картасын тапқан болатын. Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында қазақ халқының мемлекеттілігі туралы түрлі зерттеулер қолға алынып, «Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Қазақ хандары» кітаптары жарық көрді.
А.Нурай