КЕҢЕС ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚИЯНАТЫ
Кеңес Одағы кезінде көне түркілердің, оның ішінде қазақ тарихын зерттеу өте қиын болды. Алып Ресей жерінің басым бөлігі түрік халықтарының байырғы мекені. Патшалық Ресей жеріндегі түрік халықтары арасында жері үлкені де, саны көбі де қазақтар болғаны мәлім.
Бұл Ресей патшалығының, одан кейін Кеңес Одағының бір орталыққа бағынышты империялық саясат жүргізуіне кереғар дүние болды. Сондықтан да патшалық Ресей де, Кеңес одағы да қазақ халқын қуғын-сүргінге ұшырату, оның санын кеміту саясатын жүргізгені белгілі.
Ұлтты ұзын арқан, кең тұсауда ұстау үшін ең алдымен оның тарихын жою керек. Сонда ол тамырынан кесілген томар құсап, қайда домалатсаң солай аунай беретін қуыршаққа айналатыны хақ. Жер бетіндегі барлық империалистер ұстанатын саясат осы. Кеңес империясы бұл саясатты қандай сұрқиялықпен жүргізгенін қазір Мәскеудегі академиялық ғылым саласындағы тұлғалар ашық мойындап отыр.
Олардың айтуынша түрік тарихын жоққа шығару ең алдымен түрік тілінің тамырын кесуден басталды. Яғни, ұлан-ғайыр Евразия аймағын, Алтай тауы мен Днестр өзені аралығын мекендеген көне скифтер түрік тілінде емес, иран тілінде сөйледі деген тұжырым академиялық ғылымда негізгі концепция ретінде қабылданды.
Белгілі Ресей ғалымы, ғылым докторы, профессор, академик Анатолий Клесов былай дейді:
-Көне түріктерді зерттеушілерге кедергі әлі де көп. Олар кітаптары мен мақалаларын шығара алмайды. Ұзап кеткенде конференцияда сөйлер. Оның өзінде арты айқай-шуға ұласады. Кеңестік академиялық ғылымды жақтаушылар түрік шындығы айтылған жерде шыңғыра бастайды, түріктанушыларды таптауға кіріседі,- дейді ғалым.
Жалпы, академиялық ғылымға осы бір сыңаржақ ұстаным қайдан келді, ғылым тек таза деректерге сүйенуі керек емес пе? Негізі, ғылым саясатқа жалтақтауға тиіс пе? Таза ғылымға ел билігінің саяси ұстанымы әсер еткенде академиялық ғылым батпаққа батып кететіні бүгін мойындалған шындық. Патшалық Ресей тұсындағы, одан кейінгі Кеңес Одағындағы тарих ғылымы тікелей ел билеушілердің нұсқауын жүзеге асырумен айналысқаны белгілі болып отыр. Ресей империясының, оның ішінде түрік халықтарының тарихы тікелей патшаның жарлығы бойынша жазылғанын тарихтан белгілі. Ал Кеңес Одағы кезінде Сталиннің тікелей бұйрығына негізделгені кейін ашылған шындық. 1944 жылдың 9-тамызы күні больщевиктер коммунистік партиясының орталық комитеті (ЦК ВКП б) көне скифтерді ирантілді деп тану туралы қаулы шығарыпты. Бұл Кеңес Одағындағы түрік халықтарының өз тарихын зерттеуге, оқуға шектеу қойған қаулы. Түрік халықтарының ұлы империясы болған Алтын орда хандығы моңғолдарға телінді, скифтер ирандықтардың ата-бабасы болып кетті, ал түрік қағанаттары туралы айтуға мүлдем тиым салынды. Сөйтіп, қазан төңкерісінен кейінгі қазақ зиялыларын қуғындау өз алдына, соғыстан кейінгі сталиндік жүйе тарихшыларға қырғидай тиді. Қамады, жер аударды, атты. Өткен ғасырдың ортасында «Тарихшылар ісі» деген атпен тарихта қалған зиялыларды қуғын-сүргінге ұшырату оқиғалары сол қаулының салдары.
Ресей ғалымы, академик Клесов оның себептерін былай тарқатады:
-Кеңес Одағының тарих ғылымында Василии Иванович Абаев деген өте абыройлы әрі мықты тұлға бар еді. Өзі этникалық тұрғыдан осетин болатын. Академиялық тарих ғылымына көне скифтер ирантілді болған деген тұжырымды орнықтырған сол адам. Дәл осы тұжырым Кеңес Одағы сияқты ұлан-ғайыр территориясы бар мемлекетте түрік халықтарының ықпалын азайтуды көксеп отырған коммунистік партия басшыларына таптырмайтын желеу, қолайлы теория болды. Сол кісі байырғы алан, қазіргі осетін тіліндегі бірнеше парсы тілді сөзге бола көне скифтер ирантілді болған деген тұжырымды қатты ұстанды. Түріктанушы ғалымдар бұл тұжырыммен келіскен жоқ. Бұл даулы мәселе болатын. Алтай тауы мен Днестр өзені аралығын мекендер қалың скифтердің бір бөлігі, бәлкім, үндіиран тілінде сөйлеген де болар. Оларды саусақпен санауға болады. Бірақ, скифтер түгелдей ирантілді болды деу ақылға сыймайды. Сол ғалым негізге алып отырған аландар қалың түріктің ортасына қайдан келді? Тіпті сол аландардың өзі көне түрік тіліндегі сөйлеген болуы тиіс. Қараңыз, сол маңайдағы, Солтүстік Кавказдағы қарашайлар, балкарлар, тағы басқа ұсақ ұлттардың арғы тегі бір. Көне түркілердің, көне скифтердің жалғасы олар, ата-бабасы ортақ. Біздің зерттеулерімізге қарағанда біздің дәуірімізге дейінгі 2 мың жыл бұрынғы скифтер түрік тілінде сөйлеген,- дейді академик-ғалым.
Көне скиф тілі туралы мәселенің соңғы кездері қайтадан көтерілуіне тағы бір себеп бар. Скифтер бұрынғы Кеңес Одағы мен қазіргі Ресей территориясының басым бөлігін мекен етті. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Сол себепті Ресей ғалымдарының біраз бөлігі «скифтер – бүгінгі орыстардың ата-бабасы» деген тұжырымды дәлелдеуге кірісті. Бұның ар жағында да саяси мәселе жатқанын жоққа шығаруға болмас.
Академик Клесовтың бұл тұжырымға қатысты да нақты айтары бар:
-Біз көне скифтердің қорымдарын, олардың сүйектерін әбден зерттедік. Біздің дәлеліміз нақты. Ғылымдағы екі жүз жылғы даудың нақты жауабы мынау: скифтер бүгінгі орыстардың ата-бабасы емес. Ал бірақ, бұрынғы Кеңес империясы шығарған арнайы қаулының, Сталиннің бұйрығының күшін жоятын уақыт әлдеқашан жетті. Тұтас ғылым саласының сол қаулыға байланып, сол тұжырымнан шыға алмай отырғаны академиялық ғылымға ұят. Біз осылай істегенде ғана түріктану саласы мен лингвистер еркін тыныстай алады. Бұл шара түріктану саласына үлкен сыйлық болары анық.
С. Ақынжанов