Негізі жындар адамдар арасында өмір сүретін көрінеді. Олар да үйленіп, бала-шағалы болады екен. Бірақ оларды өлмейді деседі. Сонан соң олар адамдардың көзіне көріне бермейді.
Ертеде Польша жерінде мынадай бір оқиға болған екен. Екі музыкант көрші ауылға тойға қызмет жасау үшін кешке қарай жолға шығады. Жол қысқартпақ болып, орман ішіндегі төте жолмен жүреді. Біршама жол жүргенде оларға екі атарбаға мінген бай-бағландар кезігеді. Амандасып, жөн сұрасады. Бұлар музыкант екендерін, көрші ауылға тойға қызмет қылуға бара жатқандарын айтады. Мұны естіген бай-бағландар «олар бергенінен он есе артық ақы төлейміз, біздің тойға қызмет қылыңдар» деп өтініш жасайды. Ақшаны көп төлейміз деген сөзге еліткен екі музыкант келісе кетеді. Бай-бағландар оларды арбаға отырғызып алып бір зәулім сарайға алып барады.
Тойдағы қонақтардың еркегі де, әйелі де ерекше киінген. Үстіндегілері адамдардың киіміне ұқсамайды. Құдды бір балмаскарадта жүргендей. Бәрі жүздерін жасырып алған. Бірақ неге екенін жайылған дастархан жоқ. Күйеу мен қалыңдық та көрінбейді. Ұлан-асыр тойда дастархан жайылмауы, күйеу мен қалыңдықтың болмауы музыканттардың бірінін күдігін туғызады. Бір аралықта тысқа шыққан музыкант атқосшыдан «бұл кімнің тойы, мына бай-бағландар кімдер, қалыңдық пен күйеу қайда? Сен кімсің?» деп сұрайды. Атқосшы: «бұлар ешқандай да бай-бағландар емес, олар жындар, ал мен суға батып өлген адаммын. Суға батып өлген адамдар о дүниеде жындарға қызмет етеді» дейді. Сонан соң атқосшы музыкантқа «қазір ішке кіргенде терезе алдында тұрған ыдыстағы суға саусағыңды батыр да бір көзіңе сүрт. Сонда айналаңдағының бәрін анық көресің. Бірақ одан қорықпа» дейді. Музыкант атқосшының айтқанын істейді. Саусағын суға малып бір көзіне сүрткенде айналасында секектеп жүрген жындарды көреді. Бағанағы зәулім сарай да жоқ. Отырған жерлері айналасы батпақ кішкентай арал. Алайда музыкант бұл жерден кеткенше көргендерін қасындағы серігіне айтпауды ұйғарады. Той біткен соң бағанағы бай-бағландар келіскен ақысын алтынмен төлейді. Сол сәтте айналада белгісіз бір құбылыс болады да, зәулім сарай да, бай-бағландар да жоқ болып кетеді. Бұлар аң-таң болып тұрғанда, бағанағы той ақысына берген жұдырықтай алтын адамның бас сүйегіне айналады. Сол кезде таң атып, бірден күн жарқырап шығады.
Сол оқиғадан кейін музыкант бір көзімен адамдар арасында жүрген жындарды көре алатын болады. Бірде ол базар аралап жүріп, баяғы бұларды тойға қызмет қылуға апарған жынды байқап қалады. Музыкант ақырын барып әлгі жынды ұстап алады. Одан тойдың қызмет ақысын талап етеді. Жын «үйге жүр, сол жерде ақыңды берем, бұл жолы алдамаймын» дейді. «Адамдар бізді көре алмайды, бірақ сен мені қалай көрдің, соны айтшы» деп сұрайды. Музыкант ағынан жарылып «мына көзіммен жындарды көре аламын» дейді. Сол кезде жын музыканттың сол көзін ойып алады да жоқ болып кетеді.
Дереккөз: el24kz