Түркістан облысында жылан мен кірпіден дәрі жасап, талай жанның дертіне шипа сыйлап келе жатқан емші тұрады. Ерекше жолды таңдаған тұрғын дәріні қалай жасайды? Оның қандай дерттерге емі бар? 25 жылдан бері емшілік жолды ұстанып келе жатқан тұрғын көпшілік көзіне түсе бергенді қаламайды. Дегенмен өңірдегі NUR.KZ тілшісінің емші қариядан эксклюзивті сұқбат алуына мүмкіндік туды.
Орынбек Мұратбеков Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында тұрады. 63 жастағы қарияның емшілік жолды ұстануына өзінің дерті себеп болған. Кеңес үкіметі кезінде қатты сырқаттанып, талай аурухананың табалдырығын тоздырыпты. Еміне шипа таппаған ол "түсімде аян" берді дейді. Уақыт өте келе жыланды қайнатып, сорпасын ішеді.
Бір ішкеннен-ақ нәтиже берген ол бұл шипаның түбіне үңіледі. Жыланды зерттей бастайды. Ол алғаш рет ауыл қойшысын емдеп көріпті. Ішкілікке салынып, өмірі қыл үстінде тұрған қойшыны қарияға көршілері алып келеді.
Оған да жыланның сорпасын беріп, емдейді. Сырқат қойшы көп уақыт өтпей ет жинап, реңі кіре бастайды. Міне, содан соң Орынбек емшіге келушілер саны арта бастапты.
Бүгінде тек Түркістан облысы емес, еліміздің түкпір-түкпірінен емшіні іздеп келушілер көп. Кейде ол төсек тартып жатып қалған науқастарды үйіне барып та емдейді.
Бәйдібек ауданындағы бүкіл қойшылар ұстап алған жыланын емшіге өткізеді. Тегін емес, әрине. Қария оны белгілі бір сомаға сатып алады. Сатып алған жыланын үйде өзі асырайды. Оған қойдың құйрық майын береді екен. Үш-төрт бөлік құйрық майы бір жылан үшін алты айлық азық дейді.
Орынбек емші науқастарды тек жыланның сорпасымен ғана емдемейді. Оның уынан және майынан түрлі дәрілерді өзі жасайды. Алғашында тек жыланнан дәрі жасап жүрген ол уақыт өтіп тасбақа, кірпіден де ем-дом жасауды қолға алыпты.
"Тек жылан емес, құрбақа, шегіртке, кірпі, борсық, қарақұрттан да дәрі жасаймын. Жыланнан жасалынған дәрі түрлі дертке шипа. Мәселен, асқазан, бүйрек, бауырға таптырмас ем. Керек десеңіз, аты жаман ісік ауруларына дейін жыланнан жасалынған дәрімен емдеуге болады. Денедегі жараның түгін қалдырмайды. Ақ қан, қант диабетіне шалдыққандар да сауығып кетеді. Жыланның майымен көз ауруларын да емдеуге болады", - деді тұрғын.
25 жылдың ішінде жыланның ешкіемер, майжылан, атпажылан, сұр жылан сынды 21 түрінен дәрі жасап үлгерген тұрғын ісік ауруынан сауыққан бір емделуші туралы айтып берді.
"Осыдан біраз уақыт бұрын үйіме екі қыз келді. Бірі бауыр ісігіне шалдыққан екен. Дәрігерлер емі жоқ деп бетін қайтарыпты. Әлгі қыздың түрін көрсеңіз, беті мен қолына дейін дақ басып кеткен. Көрдім де дерті өтіп кеткенін бірден байқадым. Қасындағы құрбысы өжет қыз екен.
"Көке, үйіңізге келіп тұрған қазақтың қызын қалай қайтарасыз?"деді. Үйге кіргізіп, тамырын ұстап, келіп тексеріліп тұрасың деген уақытта келіп тұруы қажеттігін айттым. Бірден келісті. Үш жыланнан дәрі жасап бердім. 21 күн емделіп, дертінен сауықты", - деп өткенін еске алды емші.
Ерекше әдіспен талай жанға шипа сыйлап жүрген тұрғын дәрілерді дайындау екінің бірінің қолынан келе бермейді дегенді алға тартты. Мәселен, жыланның уын алудың өзі үлкен қасиетті талап етеді.
Бірақ, оны құпияда сақтағанды жөн санаған емші жыланды екі литр суда екі сағат қайнатып барып, дәрі жасауға кірісемін деп отыр. Дерттің түріне қарай оған қарақұрт, тасбақа, кірпінің қоспалары қосылады.
"Қазір қарап тұрсаңыз, бәрі Қытайдікі. Тіпті күріш пен жұмыртқаға дейін жасанды. Дәмі тәтті болғанымен ағзада не болып жатқаны белгілі. Мен өзім дәрігерлерге қаралмаймын. Жақсылары да бар ғой, бірақ олардың берген дәрілері күмәнді. Шетелден келеді. Қандай жолмен жасалғанын білмейсің. Біздің ата-бабамыз қазақи жолмен талай дерттерді жазған. Негізі жыланның сорпасын бір рет ішкен адам бес жылға дейін ауырмайды. Себебі иммунитеті жоғарылайды", - деді емші.
Сондай-ақ, қария жыланның жұмыртқасы кәріліктің алдын алады деп отыр. Пайғамбар жасына келген ақсақал оған өзім дәлелмін дейді. Жасы 63-те деген аты болмаса, сырт келбеті 50-ді алқымдаған азаматқа ұқсайтын емші бойымда күш-қуатым да баршылық дегенді алға тартты.
Кірпінің сорпасы адамның бүйрегі мен қуық жолына жиналған тастардан тазалайды. Ал тасбақадан жасалынған дәрі еркектік қабілетті арттырады екен.
Тағы бір атап өтерлігі, тасбақаның тырнағынан жасалынған дәрі адамның ұзақ ғұмыр жасауына септігін тигізетін көрінеді.