Қазақстандықтарды желіде тараған алып кесіртке суреті шошытты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Желі қолданушылары көзі жабық, тұмсығы қансыраған кесірткенің суретін таратты. Болжам бойынша, жануар өлі.
Сурет сипаттамасында кесіртке Түркістан облысы Жетісайдан табылғаны айтылады. Кейбір желі қолданушылар суреттегі Орталық Азия сұр кесірткесі болуы мүмкін екенін атап өтті. Кесірткенің бұл түрі Қазақстанның оңтүстік аймақтарында мекендейді.
Tengrinews.kz редакциясы жағдайды анықтау үшін Түркістан облысы әкімдігіне хабарласты. Шенеуніктер аймақта өлі кесіртке табылмағанын айтты.
"Жетісай әкімдігі бұл оқиғадан бейхабар. Олар бұл жағдай Жетісайда тіркелуі мүмкін емес екенін айтты. Бұл - қате ақпарат. Сонымен қатар, суреттегі аймақ Жетісайға ұқсамайды. Кейбіреулер суреттегі жағдай Мексикада болған деп болжайды. Бұрын интернетте осыған ұқсас өлген кесірткенің суреті жарияланды", - деді өңір әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері.