Бала кезінде Кир Булычевтің повесі бойынша түсірілген «Болашақтан келген қонақ» көркем фильмін сүйіп қарамағандар кемде кем болар. Киноның әсері ме, басқа ма, кейін кеңес жұртшылығы бөгде ғаламшарлардан келген беймәлім нысандарды жиі кездестіретінді шығарды. Тіпті ұшатын тәрелке тәрізді нәрселерді көрген еліміздің бірлі-екілі танымал тұлғалары да бар. Тоқырау жылдары халықтың рухани әлсіреуімен бірге бір кездері тыйым салынған уфология мен тылсымдар жайлы қиял-ғажайып әңгімелер өршіп кетті. Бүгінгі ғылым да бөгде ғаламшар мен ұшатын беймәлім нысандар туралы болжамдарды жоққа шығармайды. Тек қана ақиқат пен мистификацияны айыру қажет.
Өзге кеңістіктің мақұлықтары туралы әңгімелер, негізі, әлімсақтан бар. Халқымыз жын, елес, пері дегендерді адамзат санасы танып білмейтін әлемнің өкілдері ретінде айтады. Басқа бір әлемнен топ етіп түсетін қорқынышты құбыжықтар жайлы хикаялар өзге діннің әдебиеттерінде де сөз болады. Тіпті Інжілде пайғамбарлардың бірі бөгде ғаламнан ұшып келген кемені көреді. Адам баласымен бірге өмір сүрген мұндай пайымдаулар, шынымен де, бөгде ғаламшармен байланыстың барына айғақ болғандай. Бірақ ғылым қашанда көзбен, ғылыми аппаратпен байқалмаған, теориялармен қабыспайтын дүниелерді мойынсұнбайды. Сондықтан ғылыми дәйектер мен аспаннан ұшатын бәймәлім нысанды байқағандардың әңгімелері қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі заңдылығын еске салады. 1947 жылы ғылым ұшатын беймәлім нысан (НЛО) туралы мәліметті тұңғыш рет тіркеді. Америкалық бизнесмен Кеннет Арнольд аспаннан тәрелкеге ұқсас тоғыз түрлі нәрсе көрген болатын. Бұл көрініс суреттермен дәлелденді, бірақ оның не екені сол беймәлім күйінде қалды. Осы жылы күні бүгінге дейін талас туғызып келген әйгілі Розуэлль оқиғасы есепке алынды. Нью-Мексиконың түбіндегі жергілікті тұрғындар ұшатын тәрелкелер мен гуманоид тәрізді мақұлықтардың қалдықтарын тапқанын жария еткен болатын. Дерек бойынша ұзақ жылдарға созылған зерттеу жүргізілді. Ақыры биыл оның қорытындысы шықты: ұшатын нысандардың табылғаны рас, ал ондағы қалдықтар – кәдімгі адамдардікі. Ұшатын аппараттардың қайдан келгені бұл жолы да беймәлім болып қалды. Мұндай деректер Францияда да, Қытайда да, басқа елдерде де тіркелді. Тағы да көп қауесет туындап, елді үрей биледі, уфологтардың болжамы сан-саққа жүгірді. Бірақ ғылым тағы да нақты мәліметтерге қол жеткізбеді. Десек те, уфологияға қатысты қолда бар ғылыми жетістіктерді саралай отырып, біз мынаны айта аламыз:
Біріншіден, аспаннан арагідік байқалып қоятын, ұшатын беймәлім нысандардың бөгде ғаламшарлық өмірмен қандай да бір байланысы бар екеніне ғылым әлі күнге дейін нақты айғақ тапқан жоқ.
Екіншіден, сыры ашылмаған, ғылым тани алмай отырған ұшатын беймәлім нысандардың көзге көрінгені, тіркелгені факт ретінде ғылымда қала береді.
Үшіншіден, «ұшатын тәрелке» сияқты жариялы-астыртын беймәлім нысандар өндірісі де түрлі шатасуларға ұрындырып жүргені ақиқат. Мәселен, АҚШ пен Германия бүгінде шығыр пішінді және басқа да ұшу аппараттары өндірісі жөнінен әлемде көш бастайды.
Төртіншіден, қарапайым халықтың астрофизика, уфология және басқа да ғылым салалары бойынша білімі мен қажетті зерттеу жүргізуге мүмкіндігінің болмауы да қауесеттердің ғасырдан-ғасырға жалғасуына себеп.
Сергей Ефимов, астрофизик, физика-математика ғылымдарының кандидаты:
– НЛО деген әлбетте бар, бірақ ғылыми тұрғыдан анықталуы да, анықталмауы да мүмкін. Ал олардың бөгде ғаламшарлардан келетіні туралы болжам дәлелденген емес. Сонымен бірге ғалымдардың көбі ғаламда біздің жалғыз емес екендігімізді қуаттайды. Бөгдеғаламшарлықтардың болуы ықтимал, бірақ олардың Жерге ұшып келуі туралы әңгімелерді ғылым растай алмайды. Мен 1985 жылы Армениядағы Бюракан обсерваториясында іс-тәжірибеден өтіп жүргенде, тау үстінде шағын бұлт пайда болғанын көрдім. Әлгі дөңгелек бұлт жылдам үлкейіп, жарты аспанды алып кетті. Міне, бұл да ғылым үшін беймәлім құбылыс болды. Астрономдар тек «бұл әскери шаралар болуы мүмкін» деген жорамал ғана жасады.
Ашық ғарыш кеңістігіне алғаш сапар шеккен космонавт Алексей Леонов НЛО жөнінде былай деген:
– Жер беті тұрғындарының бәріне бізден басқа да бір ғаламшарлықтардың болғаны қызық көрінеді. Бірақ, өкінішке қарай, Күн жүйесі көлемінде өзге өмір жоқ. Мен мұны барлық жауапкершілікті мойныма ала отырып, мәлімдеймін. Ғарыштық айрықша құбылыстарды зерттеу жөніндегі комиссияны басқарған уақытымда, ант етейін, ешқандай тылсым нәрсені байқаған емеспін.
Ұшатын беймәлім нысандар: қауесет пен ақиқат
Последние статьи автора