Түнгі оқиға
Күндегі әдетіммен бүгін де жұмыстан шыққан бетім. Аяңдап үйге кіріп келдім. Жеңгем өз тірлігін істеп жүр.
– Асхат келмеді ме?
– Жоқ. Кешікті ғой.
Кеш қарауытып қалған. Дәретімді алып, ақшамды оқымақшы болып жүргенмін. Істеп жүрген тамағын қоя салып жеңгем келіп:
– Ақжігіт, (қойған аты ғой) сенен бір нәрсе сұрайыншы деген едім.
– Сұрай қойшы.
– Намаз оқып жүрсің, білесің ғой. Жаңа жолда келе жатып осыны сенен сұрайыншы деп едім. Бүгін жеңгеммен сөйлескен тұғынмын. Сол жеңгем босанған болатын. Көп болмады, үйіне шықты жақында. Әңгімелесіп отырып, сөз арасында бастырылып қалғандығы жайында айтып қалды. Түсінбей, қайталап сұрадым. Айтысына қарағанда осыдан екі-үш күндей бұрын түнде кішкентай сәбиін ұйықтатып жатқан екен. Содан баласы ұйықтайды, бірақ өзінің ұйқысы келмейді. Көрші бөлменің жарығы жағулы екен. Қараңғыдан қорықса керек, өзі жатқан бөлменің де жарығын жағып қойыпты. Біраз уақыт ойланып жатады. Ұйықтай алмай, көзін ашып жатқан. Бір кезде бөлмеде жасы 5-6 жас шамасындағы қыз пайда болады. Шашын жайып алса керек. Бөлмеде ары-бері сықырлатып жүреді. Жеңгем бәрін біліп жатыр. Үйде кішкентай қыз жоқ болатын. Бұл қандай қыз, қайдан келген деп таңырқап жатады. Астындағы төсегі сықырлайды бір кезде. Қасына келіп жеңгемнің қолынан ұстап, әуеге көтеріп алақанынан қытықтайды. Жеңгемнің қимылдауға шамасы келмей жатыр. Содан жаңағы қыз жарықтың өшірілуін талап етсе керек. Ол өшірмеймін деуге әрең шамасы келеді. Қатты қорқады. Кет деп айтады кішкентай қызға. Ол кетпеймін дейді. Одан соң да бөлменің ішінде ары-бері жүріп аралайды. Қайта келіп жеңгемнің төсегін сықырлатады. Қорыққанынан не айтарын да білмей жатып қалады. Бір уақытта «пісміллә-пісміллә» деуге әрең шамасы келеді. Сонда да әлгі қыз кетпей жүріп алады. Содан айқайлап, бар даусыммен Құран оқи бастадым дейді. Әлгі қыз сол заматта қашып кетіп, ғайып болыпты.
– Түсі шығар?
– Жоқ, түсі емес екен, жарықты жағып қойып жатқан ғой. Бәрін біліп жатқан.
– Ой, үйдегі кішкентайлардың біреуі шығар. Сол ғой, – әйтеуір, жақсыға аяқталса екен деп отырмын.
– Жоға, өзінің үйіндегілерді таниды ғой. Ол мүлде бөтен екен. Өткенде ұйықтап жатып, менің де басымда осыған ұқсас жағдай болды. Біреу келіп қатты қылқындырып жатқандай болды. Қатты шошып тұрып, тілімді тез кәлимаға келтірдім. Содан өзіме әрең келгенім бар. Осыған не дейсің? Жаңағы жеңгемнің басындағы жағдай, өзімнің де жағдайым, бұлар не, шайтан ба?
– Қорқыттың ғой мені, жеңеше. Жалпы тілді кәлимаға келтіріп жүрген абзал ғой, жеңеше. Иман етіп, қашанда тілімізді кәлимаға келтіріп жүрсек шайтаны да, жыны да ештеңе істей алмасы хақ. Арман аға Қуанышбаевтың мына сөзі есіме түсіп отыр. Кез келген адамның бойында жын болады. «Домовой» дейді ғой, бізде. Сол «домовой» рас нәрсе. Олар жындар. Адамның бойындағы жындар қашанда кері тартып тұрады. Мысалы, жыным шығып тұр, жынымды шығарма дейді ғой. Осы сөздер содан қалған. Жақсы істі істеуге құлқың болмайды, жамандыққа құштар ғой адам баласы. Солардың барлығы жынның әсерінен. Ананы істеме, мынаны істе деп тұрады. Соларды жеңуіміз керек.
«Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммәдәр росуллуллаһ» сөз ұлысы ғой. Осы сөзді аузыңнан тастамашы, жеңеше. Түнде ұйықтар кезде айтып жатқаның дұрыс. Сонда жын-шайтан сенен аулақ болады, – деп өз білгенімше түсіндіргендей болдым. Өз жеңгемнің аузынан естіген соң, ойланып қалдым. Иә, бауырлар, ойланғанымыз дұрыс. Жоғарыдағы жағдайдың ешқайсысы ертегі емес. Қашанда өзімізді жақсы жағынан көрсетіп, лағнеті шайтаннан бойымызды аулақ салайықшы.